Шиелідегі өнер мектебіне көңіл бөлінбей келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шиелідегі өнер мектебіне көңіл бөлінбей келеді

18.12.2019

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы өнер мектебінің қабырғасы сөгіліп, әбден тозығы жетіп тұр. Былтыр аудан әкімі есепті кездесуінде жаңа ғимарат салып беруге уәде еткен. Содан бері жыл өтті. Тұрғындар берілген уәденің құрғақ сөз күйінде қалғандығын айтады.

Шиелінің қақ ортасында орналасқан мектеп өркениеттен тыс күй кешуде. Іргесінен газ құбыры өткенімен, ғимарат көмірмен жылытылады. Едендері тесіліп, жаңбыр жауса төбеден су сорғалайды. Ал, мына қуықтай тар сыныптарда күніне 400-ден аса өрен тәлім алуда.

Азып-тозған өнер ордасының мәселесін тұрғындар жыл сайын жергілікті биліктің есепті кездесулерінде көтеріп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Шиеліліктер мектепті аурухананың ескі ғимаратына ауыстыруға да қарсы.

Аудан әкімдігі болса, жаңа ғимарат салуды жоспарлап отырған жоқ. Өйткені биыл қыруар қаржы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға бөлінген.

Бірақ сыны кеткен ғимараттың сұрықсыз күйі жас өнерпаздардың еңсесін түсірген емес. Тәлімгерлер бар ынтасымен келесі додаға дайындық үстінде.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу