Допингпен ұсталған спортшылар марапат пен сыйақыдан қағылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Допингпен ұсталған спортшылар марапат пен сыйақыдан қағылады

18.12.2019

Допингке жол жоқ. Бұдан былай, рұқсат етілмеген препарат қолданғаны дәлелденген спортшы мемлекет берген сыйақы мен сыйлықты толықтай қайтарып береді. Бүгін Мемлекет басшысы қол қойған заңға түсініктеме берген Спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев осылай деді. Биылдың өзінде, үш мың сынама алынған. Оның 37-де допинг табылыпты.

Бұдан былай допинг десе кез-келген спортшының төбе шашы тік тұрмақ. Егер атлеттің қанынан кесел шықса, оның спорттық мансабына нүкте қойылады. Ол аздай атағынан айырып, құрамадан шеттетіліп, мемлекеттен алатын айлығы тоқтайды. Спортшының допинг қолдануына септескен жаттықтырушы да жазадан құтылмайды. Оларға жарты миллион теңге көлемінде айыппұл салынады.

Қысқасы, допинг қасықтап жиған абыройды айрандай төгетін кесел. Ендігәрі, олимпиада жүлдегерлеріне тұрғын үй берілмейді емес, беріледі. Бірақ бір шарты бар. Үй 10 жылға дейін атқа түспейді. Себебі, допинг-тестілерді сақтау мерзімі де 10 жыл. Осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне берілмек.

Қазақстан үкіметі олимпиадада алтын алғандарға – үш бөлмелі, күміске – екі бөлмелі, қолаға бір – бөлмелі пәтер береді. Бұдан бөлек, чемпион – 250 мың доллар, күміс иегері – 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар тағайындалған. Заң бүгіннен бастап күшіне енді. Демек бұған дейін аты дауға іліккен спортшылар үшін еш қауіп жоқ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу