Өңірлерде тәуелсіздік мерекесінің іс-шаралары басталды

13.12.2019

Тәуелсіздік мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде кеңнен тойлануда. Бүгін өңірлерде бірқатар әлеуметтік нысандар халықтың игілігіне берілді. Соның бірі Павлодар облысындағы онкологиялық диспансер. Қазір бізбен осы өңірдегі тілшіміз Болат Аманбаев тікелей байланыста . Болат, сіз эфирдесіз! 

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тапсырылған онкологиялық диспансер, барлық заманауи талапқа сай салынды. Озық технологиямен жабдықталған нысан қатерлі ісік ауруының алдын алып, өлім-жітім санын азайтуы тиіс. Қазір өңірде обыр дертіне шалдыққан 11 мыңнан астам науқас бар. Олар енді жаңа диспансерде жан-жақты ем ала алады. 

Ауруханадағы озық медициналық қүрал жабдықтарды сатып алу үшін жергілікті қазынадан 2,8 млрд теңге бөлінді. Диспансер жанынан стационарлық бөліммен қоса, жансақтау бөлімі және емхана қоса жұмыс істейтін болады. Жалпы қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдарға көмек көрсету бойынша өңірдің медицина саласы алғашқы орында. Себебі, диспансерлік есепке алынған науқастардың 53 пайызы 5 жылдан аса ғұмыр кешкен. Бұл Республикалық көрсеткіштен анағұрлым жоғары. Жаңа диспансердің арқасында обыр дертін мұнан әрі ауыздықтауға мүмкіндік зор дейді мамандар.  

Мен енді сөз кезегін Жамбыл облысындағы әріптесім Сәбит Әлдебайға берем. 

Бұл шығыстық сәулет стиліндегі «Руханият және тарихтану» орталығы. Жаңа ғимаратта қолөнер шеберлерінің галереясы мен Облыстық тарихи-өлкетану музейі, сондай-ақ , қаланың кез келген тұсынанан көрінетін «Сағат» стелласы салынып, облыс жұртшылығының қуанышына айналып отыр. Қазір менің жанымда Тараз қаласының тұрғыны Сара Қабылбекқызы тұр. Шағын шаһардың шырайын кіргізіп, ашылғалы отырған мәдени нысандар жайлы пікіріңізді білсек.

Мерейлі мереке қарсаңында Тараз қаласында тоғыз көпқабатты тұрғын үй дайын болған. 

Оған баспана кезегінде тұрған 2232 отбасы қоныстанып жатыр. Олардың мыңға жуығы көпбалалы отбасы. Атаулы мерекеде шалғай ауылдардан 41 медициналық пункт ашылды. Осылайша мерейлі мерекеде халыққа қажетті әлеуметтік және мәдени нысандар ашылып, думанға дүбір қосуда.

Қызылорда жұртшылығы үшін бүгін қасиетті жұмада қыстың алғашқы қары жауып, көптің көңіл-күйі көтеріңкі. Және де еліміз үшін қастерлі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тыңнан түрен салынған Сырдың сол жағалауында тағы бір ықшам аудан бой көтеріп, көпқабатты төрт бірдей тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспаналарда 240 отбасы бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. 

Болат АМАНБАЕВ

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу