Танымал тергеушіге қатысты іс тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымал тергеушіге қатысты іс тоқтатылды

13.12.2019
Танымал тергеушіге қатысты іс тоқтатылды

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілерге танымал тергеуші Олеся Кексельге қатысты істің тоқтатылғанын мәлімдеді. 

«Қылмыстық құрамның болмауына байланысты ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылды. Оның ісіне қатысты барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп, істің заңдылығын тексеру үшін материалдар прокуратураға жөнелтілді», - деді министр.

Айта кетейік, экс-премьер Серік Ахметовтің, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің және бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу қараша айында басталған еді. Оған қарсы азаптау туралы арыз түскен. Арыз тіркеуге алынып, тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдерін қолдану дерегіне қатысты іс жүргізілді.

Олеся Кексель Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы міндетінен мамыр айында босатылды. Ол бұл қызметке 2018 жылы келді. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның Тергеу департаменті басшысының орынбасары болды. 

Хабарламаларға жазылу