«Қансонарда бүркітші шығады аңға...». Алматы облысының Райымбек ауданында құсбегілердің «Сонар-2019» халықаралық турнирі өтті. Бүркітшілер жарысына елдің әр аймағынан 60 құсбегі мен көршілес Қырғыз, Қытай, Моңғолиядан да он шақты қандасымыз қатысты. Ең бастысы, бүгінгі буын санасынан өше бастаған ежелгі дәстүр жаңғырып, алғаш рет құсбегілердің салбурыны ұйымдастырылды.
Турнирде тек қырандарды салып қана қоймады. Ұшқыр тазыларды да жүгіртті.
Жарыстың шарықтау шегі — салбурын болды. Аңшылар топталып, от жағып, бас қосты. Ән айтып, әзілдесті. Құсбегілік тәжірибесімен бөлісті. Бұл дәстүр енді жыл сайын ұйымдастырылмақ.
Сонымен, финалға 3 бүркітші шықты. Алайда екі қыранның бабы келіспеді ме, әккі түлкіні іле алмады. Сөйтіп, түз тағысын тырп еткізбеген қыранның иесі алматылық құсбегі Ғабит Таңат жеңімпаз атанды.
Алмат ӘБДІРАМАН