Димаш Құдайбергенді әлемдегі жанкүйерлері бүгін Нью-Йоркте ерекше сән-салтанатпен күтіп алды.
Дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған 150-ден астам адам АҚШ-тағы ең ірі әуежайлардың бірі Джон Кеннеди әуе айлағына лық толтырды. Олар сүйікті әншілерін ұшақтан түскен сәтте ортаға алып, бірнеше минут бойы тоқтамай атын айтып, ерекше құрмет көрсетті.
Өнер сүйер қауым әншіге гүл шоқтары мен түрлі сыйлықтарын тарту етті. Қолтаңба алып, бірге суретке түсті. Айта кетейік, Димаштың концерті 10 желтоқсанда 7 мың орындық Barclays Center аренасында өтеді. Қазір барлық билеттер өтіп кеткен. Тіпті, сұраныстың көп болуына байланысты ұйымдастырушылар тағы да 2 мың орын қосқан. Димаштың өнерін тамашалауға әлемнің 51 елінен жанкүйерлер келмек. Ал әнші ол кеште 4 тілде ән шырқайды.
Дархан ӘЛІБЕК