Заңсыз лотерея ойнатқандарға қандай шара қолданылмақ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз лотерея ойнатқандарға қандай шара қолданылмақ?

07.12.2019

Байлық бағың емес сорың болса одан сорақы ештеңе жоқ. Қалай десек те, байып, шеңгелдеп ет асап, шалқып өмір сүргісі келмейтін адам кемде-кем. Соны білетін сұмдар қазір әлеуметтік желіде жұртты жаңылыстырып бітті. Үй ойнатады, көлік ойнатады, билет сатады, тіпті түскен ақшаның бір бөлігі қайырымдылыққа кетеді деп кеуде кереді. Кісі малына кісінейтін біз емес, алайда ақша төлеп бір тілім билет алғанның бәрі ұтыста ұтпайтынын ескеру керек. Демек елдің ақшасы қулығына құрық бойламайтын бір пысықтың қалтасында қалады. Ағайынды ашындыратыны сол. Бізде 2016 жылы қабылданған «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң бар. Ол бойынша әр билеттен түскен қаржының белгілі бір бөлігі салық ретінде қазынаға аударылуы керек. Бірақ желідегі жұртты желіктіргендер оны төлемейді деп кесіп айтты сарапшылар. Тағы бір қауіп, қаржысы қат қараша арман қуып еңбектің тәтті нанын татудың орнына, бір билетпен байытам дегендердің соңынан кетіп адасып, ах ұруы ықтимал.

Заңсыз лотерея ойнатқандардан ел 1 билет қана алмайды ғой. Бесеуін, онын сатып алады. Әлгі әпербақанның жүзі жұртқа таныс болса тіптен сауда қызды дей беріңіз. Соңғы уақытта біразының бетпердесі шешілді, сонда да ағайынның аузын айға қаратып ақша табуға құмартқандар азаймай тұр. Қандастар қулардың қақпанын қаппау үшін қайтпек керек?

Еркін СЪЕЗҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу