Нұр-Сұлтан-Көкшетау тас жолының бойына құны 23 миллион теңгелік дәретханалар қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан-Көкшетау тас жолының бойына құны 23 миллион теңгелік дәретханалар қойылды

06.12.2019

Щучье мен Зеренді бағытында құны 23 миллион теңгелік дәретхана ашылды. Қоғамда қызу пікірталас тудырған әжетхананы көрсету үшін жауаптылар, тіпті бір топ тілшіні арнайы шақырып, дәрет сындыратын орынға экскурсия ұйымдастырды. Сонымен, жол бойындағы жылы дәретхана неге қымбат? Олардың саны жеткілікті ме?

Ел боламын десең бесігіңді, турист тартамын десең дәретханаңды түзе. Соңғы кездері жұрт осындай мақал шығарып алған. Өйткені еліміздің көрікті жерлерін көруге келіп, жол бойынан дәрет сындыратын орын таппай қысылған шетелдіктер көп. Мұнысын әлеуметтік желіге жазып, масқаралап жатқандары да жоқ емес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені шешуге тапсырма берген еді.

Содан болар елімізде дәретхана құрылысы қарқын алған. Тіпті Шучье мен Зерендінің ортасынан жауаптылар заманауи әжетхана тұрғызып, онысын мақтанышпен көрсетті.

Бір қарағанда жол бойындағы дәмханаға ұқсас дәретхананың құны Нұр-Сұлтандағы үш бөлмелі пәтермен тең. Жақын күндері мұнда дүкен де ашылады.

Ал «Қазавтожол» мекемесіндегілер шағын павильонның қымбатқа түсетін жөні бар екенін айтады. Өйткені мұнда анау-мынау емес, ұшақтағы секілді вакумдық дәретхана орнатылған. Есіктен бастап барлық материалдары қымбатқа түсіпті.

Нұр-Сұлтан-Бурабай бағытында да қатынайтын адам көп. Тұмса табиғатты көрсем дейтіндерге жол бойында 26 жылы деретхана бар. Оның 11-і мынадай арнайы павильондарда. Ішінде ыстық шәй мен интернет те бар. Ал қалған 15-і жанармай құю бекеттері мен кафелерде орналасқан. Десе де бұл жеткіліксіз. Сондықтан 2022 жылға дейін ел аумағында заманауи 304 дәретхана тұрғызылмақ. Жобаның қымбатқа түсетінін түсінген жергілікті билік өкілдері ол үшін инвесторлар іздеп жатыр.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу