Президенттің Германияға ресми сапары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Германияға ресми сапары басталды

05.12.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Германия Федеративтік Республикасына барды. Қазақ басшысы екі күн ішінде Германия канцлері Ангела Меркельмен, бұрынғы канцлер Герхард Шрёдермен, Федералды президент Франк Вальтер Штаймайермен және ірі неміс компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Бұл келіссөздердің нәтижесінде ондаған құжатқа қол қойылып, екі елдің ынтымағы арта түсуі тиіс. Осындай стратегиялық маңызы зор міндетпен Германия астанасына сапар шеккен қазақ басшысын алдымен Ангела Меркель Федералды канцлер ведомствосында салтанатпен қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропа елдерінен алдымен Германияға келуінің өз мәні бар. Осы аймақта ғана емес, төрткүл дүниеде көп сала бойынша көш бастап тұрған экономикасы алып мемлекеттің Қазақстанға берері мол. Бұдан бөлек Германия Еуроодаққа ашылатын қақпа іспеттес. Сондықтан Еуроодақпен әріптестікті нығайту үшін алдымен осы елмен байланысты бекемдеп алған жөн. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Менің сапарымның мақсаты – ең алдымен экономикалық және саяси байланысымызға қосымша қарқын беру. Әлемнің төртінші экономикасы бола тұрып, инвестициялар бойынша Германия біздің экономикамызда он екінші орында тұр. Сондықтан жуық арада бұл жағдай оң бағытта өзгеріп, Германия инвестициясын молынан тарту бойынша арнайы шарттар қолданылады. Біздің экономикамыздың басты стратегиялық салаларында неміс капиталы болуы біз үшін маңызды. Көп ұзамай жеті жүз активтің жекешелендірілетінін білесіздер. Осы ретте неміс кәсіпкерлерін біздің елде жұмыс істеуін қуана қолдаймыз. 

Сандарды сөйлетсек, Қазақстанның да Германия үшін орны ерек екенін аңғаруға болады. Немістердің Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 86 пайызы қазақтарға тиесілі. Былтыр қос ел 2 миллиард доллардан астам сомаға сауда жасаған. Алайда биыл құлдырау байқалады. 

Германияның статистикалық федералды ведомствосының мәліметіне сүйенсек, биылғы 8 айдың ішінде Қазақстанның осы елге экспорты 21,4 пайызға төмендеп кеткен. Қазақстаннан Германияға көбіне шикізат тасымалданатыны белгілі. Сондықтан сарапшылар экспорт көлемінің азаюын мұнай сапасымен байланыстырып отыр. 

Соңғы төрт жыл ішінде екі ел кәсіпорындары сомасы 2 миллиард еуродан асатын ортақ жобаларды жүзеге асырған. Әріптестік өндірістік, машина жасау, құрылыс, химия, энергетика, агроөнеркәсіп салаларында қарқынды дамып келеді. Айта кететіні, Германияның Қазақстан экономикасына құйған қаражатының сексен пайыздан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі. «Неміс» дегенде әуелі сапа ойға келері сөзсіз. Сондықтан Қазақстан мұндай сенімді серіктесіне экономикалық аймақтан ойып тұрып орын беріп, неміс инвесторларын көбірек тартуға мүдделі. 

Ангела Меркель, Германия Федеративтік Республикасының канцлері: 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қош келдіңіз! Сізді қабылдап жатқанымызға қуаныштымыз! Бұл сіздің Германияға, жалпы Еуропаға алғашқы сапарыңыз. Мұның өзі көп дүниені айтып тұр. Осы сапар аясында көптеген саяси және экономикалық келісімдерге қол қойылуы тиіс. Келіссөздер барысында Қытаймен және Ресеймен қарым-қатынас жөнінде әңгімелестік. Біз «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасымен таныспыз және оған қызығушылық білдіріп отырмыз. 

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы канцлермен, федералды президентпен, «Класс груп», «Линде АГ», «Сименс» сынды ірі неміс компанияларының басшыларымен және белді саясаткерлермен кездеседі. Ал сапардың екінші күні Президент Берлин Еуразиялық клубының жиырма сегізінші отырысына қатысады деп күтілуде. Жалпы, екі күндік сапарға жоспарланған шаралардың саны да салмағы да ауқымды. Нәтижесінде тараптар құны 2 миллиард долларға жуық келісімдерге қол қояды деп күтілуде.   

Альбина ӘШІМ 


Хабарламаларға жазылу