70-тен асқан қария кәсібінің нәсібін көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

70-тен асқан қария кәсібінің нәсібін көріп отыр

04.12.2019

Шығыс Қазақстан өңірінде Тәуелсіздік алған жылдары кәсібін бастап, бүгніде қажырлы еңбек, тындырымды тірлігінің арқасында толағай табысқа жеткен шаруа көп. Табан ақы, маңдай терімен төскейін малға толтырған азаматтың бірі Зайсан ауданының тұрғыны Жеңісбек Кәрібаев.

Жеңісбек Кәрібаев мал шаруашылығы мен сауда-саттық саласын бес саусағындай біледі. Жасы 70-тен асса да, шаруаға мығым, есепке жүйрік, қимылы ширақ. Экономика, қаржы, аграрлық саладағы жаңалықтардың бәрінен хабардар. Бүгінде шаруа қожалығында 5 мыңға жуық асыл тұқымды «Байыс» қойы бар.

Қойдан бөлек, Жеңісбек Кәрібаев «жабы» тұқымды жылқы және ірі қара мал да бағып отыр. Сонымен қатар, Зайсан қаласында үлкен сауда үйін ашқан. Ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етіп, кейін отбасылық бизнеске ден қойған Сабира Кәрібаева да, отағасы да қайырымдылық жасауға бейіл.

Іскер азамат қарамағындағы еңбеккерлердің бәрінің жағдайын жақсартудан жалыққан емес. Қазір төңірегінде 40-қа тарта адам жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүр.

Адал еңбегімен кәсібін өрге домалатып отырған отбасы 5 баланы өсіріп жеткізді. Ата-ана жолымен олар да мал шаруашылығы мен сауда саласында жемісті еңбек етіп жүр. Себебі әке мен ана оларды жастайынан еңбекке баулып, кісіліктен кішілікті, іріліктен ізгілікті жоғары қоюды үйреткен.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу