Желтоқсан оқиғасына - 33 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Желтоқсан оқиғасына - 33 жыл

04.12.2019
Желтоқсан оқиғасына - 33 жыл

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының жарқын көрінісі, хылқымыздың басынан өткен соқтықпалы соқпақтың ең соңғы және ірі адымы болды. Биыл Желтоқсан оқиғасына 33 жыл толады.

Еске салсақ, 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңына (қазіргі Республика) жиналған мыңдаған жас Д.Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылық білдіріп, ҚКОК-нің 1-хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап етті. Олар алаңға шығып, лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауын, әр ұлтқа өз басшысын қою керектігін айтты. Осыдан кейін қара тізеге салуды үйренген КСРО басшылығы бұйрық беріп, әскерилер Брежнев алаңын қоршауға алады. Дүмпуді басу үшін көршілес республикалардың да кей өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері Алматыға жеткізілді. 

Алматыдағы жастардың наразылығы күшпен басып жанышталды. Көшедегі қарусыз жастарға үйретілген иттер, су шашатын көліктер, сойыл мен қару қолданылды. Милицияның қолымен қан төгілді. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал жүргізілді. Көшеге шыққандардың көбі тергеу камераларын толтырып, қалғаны қаланың сыртында сабалды. Ақ қар, көк мұзда қазақ қыздарын шаштан сүйреген қатігез қара күш дегеніне жетті. Желтоқсан оқиғасында қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты емес. Ресми деректерде қайтыс болған төрт адамның ғана аты айтылса, бейресми дереккөздер марқұм болғандар санының бұдан әлдеқайда көп екенін мәлімдеп келеді. Сондай-ақ, осы көтеріліске қатысқан 99 жас азамат сотталып, 264 студент оқудан шығарылған.

Жалпы, Желтоқсан оқиғасы кезінде наразылық тек Алматы қаласында ғана болған жоқ. Еліміздің өзге қалаларында да ұлтшыл жастар сотталып жатты. «Халықтар түрмесі» атанып кеткен КСРО-ның іргесін сетінеткен Желтоқсан оқиғасы одақтың әр бөлігіндегі наразылықтардың басы еді. Өзегіне құрт түскен алып империя ақыры құлады. Алматыдағы қанды оқиғадан бес жыл өткенде Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Содан бері еліміз еңсесін тіктеп, шаңырағын биік көтерді. Орталық Азиядағы көшбасшы елдердің біріне айналды. 1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Желтоқсан оқиғасына қатысып, қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтар ақталды. Сонымен қатар аталған Жарлықтың негізінде 17-ші желтоқсан - Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

Деректер: e-history.kz, inform.kz сайттарынан алынды



Хабарламаларға жазылу