Жас стартапшыларға жаңа мүмкіндік. Еліміздің әр қаласынан келген 200-ден астам IT маман, студент пен техникалық факультеттердің түлегі Алматыдағы Baiterek-Хакатонда бас қосты. Енді олар банк секторын ақпараттық технологиялар мен қаржылық қызметтер тоғысында клиенттерге жаңа сервистер енгізу үшін білім-біліктіліктерін көрсетіп, үздік нәтиже шығаруға талпынады.
Ойы ұшқыр, IT саласында білімі жеткілікті жастар жаңа жоба аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жаңа жүйе енгізу үшін барын салмақшы. Бүгінде бір миллионнан астам тұтынушыға қызмет көрсететін банк енді ақпараттық технологиямен толысады. Өйткені, осы бағытта елдің әр аймағынан келген жас стартапшылар ойларын ортаға салып, үздік жоба жасап шығарады.
Жоба қатысушыларының кейбірі арнайы команда ретінде жасақталып келсе, енді біреулері осы жерден өз ортасын таппақшы. Себебі IT- мамандардан бөлек, әзірлеуші, менеджер, қаржыгер мен дизайнерлер бірігіп, бір командаға бөлінеді. Осылайша, әр саланың білгірлері жоба аясында тың дүниесін қазылар алдында таныстырып, қорғайды.
Үш күндік шарада жастар бір-бірімен өзара ақылдасып, кеңесіп, жаңа жобаларды жасап шығаруға барын салады. Оған қоса шетелден келген мамандар тәжірибесімен бөлісіп, жастарды одан әрі шыңдай түспекші. Ал жарыстан оза шауып, жеңіп шыққан командаларға берілетін жалпы жүлде қоры 2 миллон теңге. Десек те, бұл сайыста ең бірінші орында қаржы емес, миллиондаған адамға ыңғайлы банк жүйесін әзірлеу ісі тұр.
Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ