Қызылорда облысында көктайғақтың кесірінен жолаушылары бар автобус аударылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Апат бүгін сағат 05:25-те Қызылорда-Құмкөл автожолында болған. Көктайғақтың салдарынан жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, автобус аударылып кеткен.
«Оқиға Қызылордадан 85 шақырым жерде болды. Қызылорда облыстық ТЖД-да жедел штаб құрылды. Оқиға орнында ТЖД-ның жеке құрамынан 13 адам мен төрт техника, полиция бөлімінен алты қызметкер мен екі техника, жедел медициналық жәрдемнің 12 қызметкері мен төрт техникасы жұмыс істеп жатыр», - делінген баспасөз хабарламасында.
ТЖК баспасөз қызметінің мәліметінше, апат орнынан 6 адамның денесі табылған. 1 адам ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Құтқару жұмыстары жалғасуда.