Алматы қаласында «Әлем барысы» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласында «Әлем барысы» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті

02.12.2019
Алматы қаласында «Әлем барысы» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті

Әлемнің 30 елінен келген 33 палуан бақ сынаған байрақты бәсекеде ресейлік Роман Бобиков топ жарды. 

Қазақ елінің намысын 4 палуан қорғады. Руслан Әбдіразақов пен Нұрдәулет Жарылғапов жарысты ерте аяқтады. Руслан моңғолиялық спортшы Серік Баймұратқа есе жіберсе, Нұрдәулет грекиялық Тенторе Масмандистен айласын асыра алмады. Грек спортшысы Тенторе Масманидис бұл жарыста ерлік көрсетті. Жарақатына қарамастан ширек финалға дейін жетті. 

Отандастарымыз Айбек Нұғымаров пен Мақсат Исағабылов жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмеді. Жерлестеріміз финалға жолдама үшін белдесіп, Айбарыс айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші жартылай финалда ресейлік Роман Бобиков өзбек өкілін ұтып, финалға жолдама алды.

«Сыр барысы» қола белбеу үшін өзбекстандық Мухсин Хиссомиддиновпен күш сынасты. 25 жастағы палуан жергілікті жанкүйерлерді жерге қаратпай, қарсыласынан басым түсті.

Шешуші бәсекеде ресейлік Роман Бобиков пен «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров айқасқа түсті. Тартысқа толы қызықты кездесуде ресей спортшысының жолы болды. Сөйтіп төртінші рет жалауын желбіреткен «Әлем барысы» турнирінің жеңімпазы ресейлік Роман Бобиков атанды.

Жарыс соңында жүлдегерлерге ақшалай сыйлық пен арнайы белбеулер табысталды. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы айтулы аламанды «QAZSPORT»  және «QAZAQSTAN»  телеарналары тікелей эфирде көрсетті.


Хабарламаларға жазылу