«Астана Аренадағы» тарихи жеңіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Аренадағы» тарихи жеңіс

29.11.2019
«Астана Аренадағы» тарихи жеңіс

28 қараша күні елордалық «Астана» өз алаңында «Манчестер Юнайтедті» қабылдады. Бұл ойында қазақстандықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Осы жылы «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасындағы жолын ерте аяқтап, кәрі құрлықтағы жорығын Еуропа лигасында жалғастырды. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, «МЮ», «АЗ», «Партизан» сынды командалармен бір топқа түсті. 

Топтық кезеңдегі алғашқы ойынды әлемге әйгілі «Манчестер Юнайтед» командасына қарсы өткізіп, 1:0 есебімен алаң иелеріне есе жіберді. 4 ойын бойы қарсыластарына жол берген «Астана» үйдегі соңғы ойынын «қызыл сойқандарға» қарсы өткізді. 

«Астана Аренадағы» тарихи кездесуді 28 мың жанкүйер тамашалады. Сонымен қатар бұл матч үшін әлемнің түкпір-түкпірінен футболсүйер қауым жиналды.

Алғашқы тайм толығымен қонақтардың бақылауында болды. Ойынның 10-шы минутында команда капитаны, тәжірибелі Джесси Лингард есеп ашты. Ағылшын футболшысының алыстан бағыттаған соққысын Эрич қайтара алмады. Григорчук шәкірттері екінші нөмірмен ойнап, қарымта шабуылға мән бергенімен алғашқы тайм 1:0 есебімен аяқталды. 

Екінші таймның басында қонақтардың есеп ашатын бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда екінші гол салуға жас ойыншылардың тәжірибесі жетіспеді. 

Кездесудің 55-ші минутында Роман Мұртазаевтан әдемі пас алған Дмитрий Шомко есепті теңестірді. Араға 7 минут салып сербиялық Антонио Руквина айып алаңдағы командаластарына асырған пасы Бернадарқа тиіп, қарсыластар қақпасына екінші гол кірді. Бұл голдан кейін «Астана» бірнеше қарымта шабуыл ұйымдастырды. Ойын 2:1 есебімен алаң қожайындарының пайдасына шешілді.

«Астана» командасы тарихи жеңіске қол жеткізді, ал ағылшындар бірінші рет жеңіліске ұшырады. 

Бұл матчқа қатысты алыпқашпа пікірлер өте көп. Әлемге әйгілі «Манчестер Юнайтедті» ұтқан командалардың қатарына «Астана» да қосылды. Алаңға тәжірибесі аз ойыншылар шықса да, ұзақ жылдар бойы кәрі құрлық командаларына үрей тудырған, тарихын тереңде жатқан «Манчестерден» айласын асыра алды. Тарихта қалай ойнағаны емес, матчтың нәтижесі қалады. 

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» келесі ойынды сырт алаңда «Партизанға» қарсы өткізеді.

Хабарламаларға жазылу