Ресей мұрағаттарынан І.Жансүгіров туралы тың деректер табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей мұрағаттарынан І.Жансүгіров туралы тың деректер табылды

27.11.2019

Қаламгердің 125 жылдығы аясында бір топ делегация Мәскеу мен Санкт-Петербург қаласына барып қайтқан болатын. Олар осы сапарда Алаш арысының елімізде жоқ туындылары мен шығармаларын тапты. Жетісулық зерттеушілер бұл құнды дүниелердің көшірмелерін әкеліп, алдағы уақытта кітап ретінде шығаруды жоспарлап отыр. 

Журналист Гүлжан Тұрсын Ресейге сапарлап қайтқан топ құрамында болды. Делегация көрші елден Ілияс Жансүгіровтың 30-ға жуық кітабын тауып қайтқан. Сол 30 кітаптың 18-і - елімізде жоқ туындылар. Халық жауы деп танылған Алаш арысының біраз туындысын қасақана өртеп жіберген. Тарихи жәдігерлермен қауышқандағы делегация мүшелерінің әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. 

Ілияс Жансүгіров туралы көп айтыла бермейтін тағы бір дерек бар. Ақын ешқашан көзілдірік тақпаған. Бұл бағытта жазушы Қажет Аңдас көп ізденіс жүргізіп келеді. Қазақ және қырғыз елінің мұрағаттарынан көптеген фотосуреттерді алып, салыстырған. Жалғыз түссе де, топпен түссе де, Алаш арысының көзәйнексіз тұрғаны анық. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу