МӘМС аясында жүкті әйелдерге қандай жеңілдіктер қарастырылған? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

МӘМС аясында жүкті әйелдерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

27.11.2019
МӘМС аясында жүкті әйелдерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жүкті әйелдер емхананы және босану үйін өзі таңдай алады. Оларға медициналық көмектің бәрі тегін көрсетіледі. Бұл жүйе 1 қаңтардан бастап іске қосылады. 

Сәби күтіп жүрген әйел медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының тізбесіндегі емханаларға ғана тіркеле алады. Осы орайда көпшілікті бұл тізбеге ақылы емханалар кіре ме деген сұрақ мазалайды. Егер ақылы емханалар медициналық әлеуметтік сақтандыру қорымен келісімге келген болса, онда болашақ аналар сол емханаларда есепке тұра алады. 

Еске сала кетейік, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жеңілдік берілген санатына кіреді. Олар үшін сақтандыру қорына жарнаны ай сайын мемлекет аударады. Ал еңбек етіп жүрген жүкті әйелдерге сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Тек декреттік демалысқа шыққан соң ғана медициналық қызмет ақысы мемлекет қарауына өтеді.

Егер қандай да бір медициналық ұйым болашақ аналарға қызмет көрсетуден бас тартса, онда олар 1406 байланыс нөміріне хабарласып, шағымдана алады.

Хабарламаларға жазылу