Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы директоры сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы директоры сотталды

25.11.2019
Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы директоры сотталды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМКК-ның бұрынғы директоры пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМКК бұрынғы директоры Рамазан Әлімқұловқа қатысты пара алды деген күдікпен жүргізілген сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол қонақүй қызметін көрсету бойынша шарттарды бұзбай, ұзартып, ондағы орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойды, сондай-ақ 5 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталды. 

22 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта оның жымысқы әрекеті дәлелденіп, сот үкімімен 3,5 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Әлімқұлов енді ешқашан мемлекеттік қызметке тағайындалмайтын болды. Ол бұл құқығынан өмір бойына айырылды. 

Еске сала кетейік, Рамазан Әлімқұлов биыл мамыр айында ұсталған болатын. Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы 3 жылда білім саласында 600-ден астам жемқорлық фактісін анықтады. Жемқорлықтан келген залал сомасы - 1,5 млрд теңге. Әшкере болған 364 тұлға арасында 57 мектеп директоры, 10 колледж директоры және 22 балабақша меңгерушісі бар.

Хабарламаларға жазылу