Киевте мыңдаған адам митингке шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте мыңдаған адам митингке шықты

22.11.2019

Киевтің Тәуелсіздік алаңына мыңдаған адам жиналып, президент Владимир Зеленскийдің Донбасстағы саясатына наразылық білдірді. Бір жағынан бұл акция ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен құлатқан Майдан қозғалысының алты жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. 

Өткен айда да мыңдаған адам шеруге шығып, Донецк және Луганск облыстарының сепаратистер басып алған аудандарына автономия беруге қарсылық білдірді. Сонымен қатар Зеленский елдің шығысында бес жылға созылған соғысты тоқтату үшін Украина армиясын майдан шебінен әкетуге келісті. Айта кетсек, Донбасстағы әскери жанжалдардан 13 мыңнан астам адам мерт болды. 

Демонстранттардың сөзінше, Зеленский Мәскеудің алдында тізе бүгіп отыр. Алайда президент мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

Желтоқсанның 9-ында Парижде саммит өтеді. Онда Украина, Ресей, Франция, Германия басшылары Донбасста бейбітшілік орнату мәселесін талқыламақ.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу