Алматыда егде жастағы азамат мектеп оқушысын пышақтамақ болды. Абырой болғанда, 12 жасар қыз қашып құтылып, дін аман қалды. Ол дер кезінде мұғалімдеріне хабар беріп үлгеріпті. Алайда, полицейлер оқиға орнына жетем дегенше қылмыскер қашып кеткен. Қазір осы іске қатысты жедел тергеу тобы құрылып, күдікті іздестіріліп жатыр.
№ 60 мектеп-гимназиясы орналасқан аумақта бұрын-соңды мұндай сұмдық жағдай болмаған. Қазір белгісіз азаматтың шабуылынан әбден шошып қалған қызбен психологтар жұмыс істеп жатыр.
«3 мыңға жуық оқушы білім алатын мектептің кіреберісінде ғана бейнебақылау бар», - дейді ата-аналар. Ал, білім шаңырағының маңындағы балабақшаның камераларына қылмыстық оқиға анық түспеген. Тіпті, оқушыға шабуыл жасалған сәтте жақын маңда тірі жан болмаған.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ