Алматы облысында 55 жастағы азаматты 19 жыл бойы жұмысқа жеккен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 55 жастағы азаматты 19 жыл бойы жұмысқа жеккен

15.11.2019

Алматы облысының Ұйғыр ауданында 55 жастағы азаматты мәжбүрлі түрде жұмысқа жеккендерді тергеу жұмыстары басталды. Аң-құс аулауды ермек еткен Виктор Гребенников аң шаруашылығына арналған қыстағында Ресей азаматын 7 жылдан бері жұмысқа жегіп, жалақысын төлемегендігі анықталды. Ал жәбірленуші Сергей Тимохин бұл жерден кеткісі келетіндігін айтты. Дегенмен, құжат жасап беремін деп уәде берген шаруашылық қожайыны сол уақыттан бері түрлі сылтау айтып, уақыт созып келген.

2000 жылы Ресейден Алматы облысына жұмыс іздеп келген Сергей Тимохинді Еңбекшіқазақ ауданында Мақсат есімді полицей үйіне жалшы етіп алған. Сол жерде 12 жыл мал бағып, аш-жалаңаш жүрген.

Ал 2012 жылы Виктор Гребенников есімді алматылық психолог Сергейді Ұйғыр ауданындағы жеке аң шаруашылығына апарып тастайды. Жәбірленуші бұл жерде 7 жылдан бері тегін жұмыс істеп, қорлық көріп келген. Ол қысы-жазы осында қара жұмыс істеп жүрген Сергейге құжат жасап беремін деп уәде берген. Қазір бұл іске қатысты Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері тергеуді бастады.

19 жыл жұмысқа жегілген азаматтың енді Ресейге қайтып, жалғыз қызы және туысқандарымен қауышқысы келеді. Ал полицейлер оның шын мәнінде мәжбүрлі түрде жұмысқа жегіліп, қорлық көргендігі дәлелденсе, кінәлілер қатаң жазаланатындығын айтады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу