Ақтөбеде 5 жасар бала көз жұмды. Үш емдеу мекемесінің арасында зыр жүгіріп, уақыт жоғалтып алған ата-ана ақыры баласынан айырылып қалды. Марқұмның туыстары қайғылы жағдай медицина қызметкерлерінің салғырттығынан болғанын айтады. Өйткені дәрігерлер науқастың дәл диагнозын таба алмай, бір-біріне сілтеген.
Қажымұқан мен Алмагүл қыздарынан қапыда көз жазып қалғандарына әлі сене алар емес. Айтуларынша, өткен аптаның басында кішкентай Іңкәрдің қызуы көтерілген. Бірер күн ішінде бала орныннан тұра алмай қалған.
Алмагүл Ахметова, анасы:
Қабылдауда төрт сағат күтіп жаттық. Ол жерде ылғи жас қызметкерлер болды. Дәрігерді бір жарым сағат күттік. Олар жұқпалы аурулар ауруханасына жіберу үшін жедел жәрдем шақырды. Оны да жарты сағат күтуге мәжбүр болдық. Барлығы дер кезінде әрекет еткенде баланы құтқарып қалуға болар еді.
Балаға тек он екі сағаттан соң ғана тиісті ем-дом жасалған. «Баланың ауруы туралы кеш хабарлады» деген дәрігерлердің сөзін туысқандары теріске шығарады.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары дәрігерлерден қателік кеткенін мойындайды. Тәуелсіз комиссия құрылып, бала өлімінің себебі тексеріліп жатыр.
Келесі айда 6 жасқа толатын Іңкәр өте ширақ, белсенді бала болған. Үлкен тенниске қатысып, жақсы нәтижелер көрсете бастапты. Одан бөлек, ән айтып, би билегенді де ұнатыпты.
Жақсыбек КЕМАЛ