Жеке кәсіпкерлерге онлайн бақылау кассалық аппаратын орнату міндеттелмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеке кәсіпкерлерге онлайн бақылау кассалық аппаратын орнату міндеттелмек

13.11.2019

Келер жылдан бастап салық кодексінде жеке кәсіпкерлерге қатысты бірқатар өзгеріс енгізіледі. Мәселен, патентпен тіркелген жеке кәсіпкерлер онлайн бақылау кассалық аппаратын орнатуға міндеттелмек. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану, консультациялық көмек, делдалдық сынды қызметтің 12 түріне патентті режимді қолдану жойылмақ.   

Жаңашылдықты енгізудегі басты мақсат - нақты кірістерді жасыруға жол бермеу. Өйткені, патент режимінде тіркелгендердің ең көп табысы жылына 8 миллион теңгеден аспауы керек. Алайда, салық қызметкерлерінің сөзінше, олардың кірісі аталған сомадан бірнеше есе асып кетеді. Бүгінде республика бойынша осы патент тәртібінде тіркелген 53 мыңнан астам жеке кәсіпкер бар.

«Кассалық аппарат орнатылса, жұмыс жеңілдей түседі»,-дейді мамандар. Яғни салық органдарына келудің қажеті болмайды. Бизнесті бақылау да ыңғайлы бола түспек. Есептің қалай жүргізіліп отырғанын да тексере аласыз. Бұл — цифрландырудың көшіне ілесудің бір жолы.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу