Қостанай облысындағы Приречный ауылы Ресейдің байланысына байланып отыр. Себебі мұнда қазақстандық операторлар қызмет көрсетпейді. Сондықтан тұрғындар ұялы телефонды тек ресейлік нөмірді салып қана пайдалана алады. Ал ел ішіндегі байланысқа үйдегі телефонмен ғана шығуға болады.
Приречный – Өрнек ауылдық округінің орталығы. Бұл әкімшілік аумаққа 4 елді мекен кіреді. Оның біреуінде ұялы байланыс мүлде жоқ. Қалғаны ресейлік операторлардың қызметін пайдаланады.
Өрнек округі орталық су желісі, табиғи газ тәрізді басқа да өркениет жетістіктерінен құр қалған. Әкімнің айтуынша, бұған елді мекеннің тірек ауылдардың қатарына кірмеуі себеп. Ал ұялы байланыс орнатылмауын операторлар бастапқыда адамның аздығымен түсіндірген.
Әкімнің айтуынша, соңғы бес жылда ауылдағы халықтың саны 50 адамға азайған. Қазір орта мектепте 63 бала ғана оқиды. Жағдай дұрысталмаса, бұл көрсеткіш кеми беруі мүмкін. Ал шекара бойындағы ауылдарды сақтау – мемлекет қауіпсіздігі үшін де маңызды екені даусыз.
Дәуренбек ӘБДІБЕК