Биылғы 10 айда қазақстандықтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) 162,1 млрд теңге төленді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 65,1 млрд теңгені, баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша 74,2 млрд теңгені, еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша 11,4 млрд теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 7,8 млрд теңгені, жұмысынан айырылу бойынша 3,6 млрд теңгені құрады.
Жаңа туған баланы асырап алуға байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің орташа мөлшері 424063 теңгені құрады, мұндай төлемді 164 мың қазақстандық алды.
Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 30925 теңгені құрады, оны 395 мың азамат алды.
54,7 мың адам жұмысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алды, оның орташа мөлшері - 22631 теңге.
46,6 мыңнан астам қазақстандыққа асыраушысынан айырылу жағдайында төлемдер төленді, олардың орташа мөлшері 17628 теңгені құрады.
Тағы 85,3 мың азамат еңбекке қабілетінен айырылуы жағдайында әлеуметтік жәрдемақы алды. Бұл төлемнің орташа мөлшері 14860 теңгені құрады.
Қазақстанда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. МӘСҚ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын алушыларға: мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жұмысынан айрылған азаматтарға, жүктілігіне және жүкті әйелдердің босануына байланысты, бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты отырған аналарға төлемдер төлеуді қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызды функцияларды орындайтынын еске саламыз.