ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордада Astana Club пленарлық отырысы өтіп жатыр.
11-12 қараша күндері Назарбаев Орталығында әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын қосатын Astana Club-тың V отырысы өтуде. Мерейтойлық отырыс тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталады. Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі мәселелері арқау болмақ.
Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысады. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Нобель сыйлығының лауреаты бар.
inform.kz