СҚО-да соңғы бір айда қараусыз жайылған жылқылардың кесірінен 3 жол-көлік апаты болды. Соның салдарынан 1 адам қаза тапты.
Айыртау ауданында жол үстіне шығып кеткен 12 жылқы жүк көлігінің астына түсіп өлді. Жүргізуші жеңіл жарақат алды. Жылқышы малдың табыннан бөлініп кеткенін байқамай қалған. Ал Есіл ауданында жылқыны соққан көлік жүргізушісі мен оның жолаушысы ауыр жарақат алды. Бірнеше күннен кейін жолаушы әйел қайтыс болды. Аққайың ауданында да осыған ұқсас оқиға болып, екі адам зардап шекті. Барлық жол апаттары қараңғы кезде болған, көлік жүргізушілер жол үстінде жүрген малды соңғы сәтте байқаған.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік апатына себепші болған малдың иелері жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сондай-ақ зардап шегуші сот арқылы келген материалдық шығынды өндіріп алуға құқылы.
«Малдың қатысы бар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізу қажеттігі жөнінде барлық аумақтық бөлімшелер ескертілді. Патрульді полиция қызметкерлері әсіресе қараңғы уақытта бұл мәселеге аса мән береді. Республикалық маңызы бар жолдардың үстінде немесе жаннында бос жайылып жүрген мал анықталған жағдайда тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органды құлақтандырып, малды жол маңынан әрірек айдап тастайды», - дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
inform.kz