Суицид жасамақшы болған қызды құтқарған қарағандылық полицейлер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Суицид жасамақшы болған қызды құтқарған қарағандылық полицейлер марапатталды

11.11.2019

Қарағандыда тоғызыншы қабаттан секірмекші болған қызды құтқарып қалған тәртіп сақшыларын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев марапаттады. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері лейтенант Ерасыл Мұрат пен сержант Бекзат Омашевқа «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін» медалі табысталды.

Оқыс оқиға 8-і күні болды. Хабар жетісімен қызды құтқаруға келген тәртіп сақшыларының бірі бойжеткеннің назарын өзіне аударып, әңгімеге тартқан сәтте, екіншісі өмірін қатерге байлап, үйдің шатырынан балкон үстіне түскен. Сөйтіп дер кезінде қызды құтқарып қалды. 

Полиция қызметкерлерінің бұл әрекетін көрші үйдегі тұрғын терезеден ұялы телефонына түсіріп алған. Бөлімшеге телефон шалып, ең алғаш хабар берген де сол кісі.

Айта кету керек, 24 жастағы қыздың мұндай әрекетке баруына отбасындағы келіспеушілік себеп болған. Оған психологиялық көмек көрсетілген. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу