«Қайта оралған құмаршық». Атырауда осындай атаумен ашаршылық жылдары халықты өлімнен құтқарған теңдессіз өсімдіктің құрметіне орай, тұрғындар арасында байқау өтті. Оған аймаққа қарасты аудандардан қатысушылар келіп, құмаршықтың қасиетін паш етті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бүгінде құмаршықтың қадірін білетіндер аз. Оны кәдеге жаратып жүгендер саусақпен санарлық. Қасиетіне бас иетін жанның бірі, 78 жастағы Мұстахима әже. Зейнеткер өсімдіктің тағамдық құндылығын ерекше бағалайды.
Мұстахима Әлиева, зейнеткер:
Бұл күзгі қыркүйек айында түседі. Сосын адамдар оны шауып, баспалап, үш күн кептіреді. Сосын жайманың үстіне салып, үлкен сабаумен сабап дәнін шығарады.
Құмаршықта құнар бар. Дәнінен жасалған кез келген тағам адамға қуат береді. Ал тұқымынан май алынады. Байқауға қатысқан 7 үміткер, аталған өсімдіктің мүмкіндігін жан-жақты көрсетті.
Жандос Темірғали, тілші:
Бұл құмаршықтың шикі дәні. Мұны осылай диірменге салып ұн дайындайды. Кейін мынандай нан пісіреді. Дәмін татып көрейік. Керемет... Ал мынау тұрған құмаршықтың қуырылған дәні. Бұдан дәл осылай диірменге салып талқан дайындайды.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Нанға, талқанға, жентке айналған мұндай өсімдік түрін мен кездестірген жоқпын. Міне, құмаршықтың ерекшелігі осында. Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде туған жастар бұл туралы мүлдем білмейді, хабарсыз. Ертең аға буын кетіп қалса, мұны үйрететін, айтатын, есте сақтайтын ұрпақ қалмай қалады.
Көрермендер, қатысушылардың әзірлеген тағамдарынан дәм татты. Таңданыстарын жасыра алмады.
Омер Кесим, Түркия азаматы:
Құмаршықты біздің елде білмейді. Бізде өспейтін өсімдік. Қазақ халқының дәстүрінде өте мәні бар екенін түсіндім.
Құмаршық — құмды алқаптың құнды өсімдігі. Зұлмат жылдары ашқұрсақ елге азық болып, мыңдаған адамды ажалдан алып қалды. Ендігі мақсат – құмаршықтың пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеу. Кейін, оны қолданысқа енгізеді
Жандос ТЕМІРҒАЛИ