Алматы облысында зағип жандарға арналған жатақхана адам шошырлық жағдайда тұр. Қабырғасы жарылып, едені шіріген баспана тұруға жарамсыз болса да, тұрғындардың бұдан басқа амалы жоқ. Сонымен қатар жолда арнайы белгілердің болмауынан жанарынан айырылғандарға жұмысқа жету де қиындаған.
Талғар ауданының іргесіндегі жатақхана — «Зағип жандар» қоғамдық кәсіпорынының қызметкерлеріне тиесілі. Киім ілгіш пен түйме әзірлейтін жұмысшылар мұнда тегін тұрады. «Бірақ едені шіріп, қабырғасы жарылған ғимараттың іші Күн өткен сайын қауіпті мекенге айналып барады», - дейді тұрғындар. Жылыту жүйесі болмағандықтан, мұндағы тұрғындар аядай бөлмені электр пешімен жылытуға мәжбүр. Сонымен қатар ыстық судың да зардабын тартып отыр.
Жанар Батырбекова, Талғар ауданының тұрғыны:
Ыстық су жоқ. Қысы-жазы мұздай сумен жуынамыз. Қызыма су жылытып берем мектепке барғанға. Осы тұрысымыз енді. Жылу жоқ. Ақшам жетпейді жылуға төлейтін. Алатын зейнетақым 47 мың теңге, алатын айлығым 6 000 теңге. Қайда жеткізем оны?
Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар кәсіпорынға қатынайтын арнайы жолдың жоқтығына да наразы. Олар үшін күнделікті тірліктеріне барып-келу қиямет-қайым. Ал әкімдіктің көше бойына төсеген жолы да қауіпсіз емес. Себебі қоршау болмағандықтан, тайып құлап, майып болғандар көп.
Сәкен Тіленшиев, «Зағип Жандар» ҚБ төрағасы:
Мынау төңірек түгел көзі көрмейтіндер тұрады. Мынау біздің қоғамымыз. Осы жерде жұмыс істейміз. Сол мына жұмысқа келе алмайды. Аяқ баса алмайды. Бізге арнайы көзі көрмейтіндерге труба орнатылған кезінде. Сонымен жағалап жасап жұмысқа келетін. Соларды да жұлып кеткен. Әкімдікке неше бардық.
Жергілікті билік өкілдері, бұл орынға тегін газ жүргізіп, жолдарын жасап бергендіктерін жеткізді. Енді арнайы қоршауды алдағы уақытта орнатып бермекші. Ал қирауға шақ тұрған жатақхананың жеке меншікке тиесілі екендігін айтып, «мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді», - деді әкім.
Жандос Әуелбаев, Талғар қаласының әкімі:
Зағип жандарға арналған қоғамдастықтың өзінің жекеменшік құқығында. Оған жатақхананың ішін жаңағы жөндеу жұмыстарына мемлекет қаражаттан бөлу мүмкіншілігі жоқ, жекеменшік болғандықтан. Оған демеушілер қарастырып жатырмыз. Биыл әкімшілік тарапынан біз ана Балуан Шолақ баратын жаяу жол жүргіншісін жасап бердік және жарықтандыру өздерінің ауласын жарықтандыру жұмыстарын жасап бердік.
Қиындық көріп, қаймықса да, оқу-өндірістік кәсіпорынның қызметшілері жекеменшіктен мемлекет қарамағына ауысқылары келмейді. Себебі әкімдік тарапынан ұсыныс түскенімен, нақты оларды қабылдау туралы әңгіме болмаған. Осыған байланысты зағип жандар бір жерден шығып, екінші жерге кіре алмай, далада қаламыз ба деп алаңдап отыр.
Алмат ӘБДІРАМАН