Павлодар облысында сәби өлімі 30 пайызға артқан. Өңірге барған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бұл мәселені жедел түрде шешуді тапсырды. Сонымен қатар аймақта 49 мың тұрғын әлі күнге дейін міндетті медициналық сақтандыру қорына тіркелмеген. Мұны да жергілікті билік өкілдері тез арада реттеуі тиіс. Облыста медицина саласын қаржыландыру, еңбекақы төлеу бойынша да өзекті проблемалар жоқ емес.
Ардақ Күзеков, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Тұтастай алғанда медицина саласын қаржыландыруға 2 млрд теңге жетпейді. Себебі біздегі әр жан басына шаққандағы емшара көрсету тарифі Қазақстан бойынша ең төмен. Ауылды тастап, қалаға көшіп кетіп жатқандар саны бойынша облыс алдыңғы орында. Адам саны аз болғандықтан, аудандардағы медициналық мекемелер өз шығындарын толық жаба алмайды. Екіншіден 12 айға келісімшарт жасалды. Бірақ міндетті медициналық сақтандыру қоры тарапынан 11 айдын жұмысы ғана қаржыландырылады. Басқадай төлем жасау жоспарланбаған.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Қарыз жыл аяғына дейін жабылуы тиіс. Бір тиында қарыз қалмауы керек. 12 ай толық қаржыландырылуы керек. Павлодар облысы әкімінің орынбасары мен Денсаулық сақтау министрінің орынбасарына осы мәселені келер аптада шешуді жүктеймін.
Болат Аманбаев