Шығыс Қазақстан облысындағы ауыз су құбырының 70 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысындағы ауыз су құбырының 70 пайызы тозған

06.11.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы ауыз су құбырының 70 пайызы тозған. Осының кесірінен кейбір елді мекендер тіршілік нәрін әлі тасымалдап ішіп отыр. Қазір осы аймақтағы ауылдардың тек 53 проценті орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Соңғы 5-10 жылда «Нұрлы жол» және «Ақбұлақ» секілді мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес бірқатар жоба қолға алынғанмен, оның нәтижесін халық әлі күнге дейін көре алмай келеді.

Красина кенті Өскемен қаласына қарағанымен, мұндағы жұрт әлі күңге дейін ауыз су проблемасын тартып отыр. Тұрғындар тіршілік нәрін соңғы 20 жылдан бері тасымалдап жүр. Оның өзінде, кеңес заманында көше бойына орнатылған 3 құдықтың біреуі ғана істеп тұр.  

Төлеу Қалиев, Красина кентінің тұрғыны:

Анау жерге барамыз. Ол істемейді. Төменнен алып келеміз.

Илхам Сафин, қала тұрғыны:

Біз ыдыспен тасимыз. Біз ай сайын төлейміз. Не үшін төлейміз? Міне, су құдығы тұр. Ол сынық, ал біз ақшасын ай сайын төлейміз.

Былтыр осы шағын ауданда орталық су құбырын тарту жұмыстары басталған. Бірақ жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жоба бойынша мұнда жалпы ұзындығы 53 шақырым құбыр болу керек. Бүгінде оның тек 6 шақырымы ғана тартылды.

Наталья Лукерина, «Өскемен су құбыры» МКМ өндірістік техникалық бөлімінің басшысы:

Красина кентіне су құбырын тарту 2018 жылы басталған. Алайда қаржылық қиындықтар туындағандықтан бұл мәселе қалалық тұрғын-үй шаруашылғы бөліміне берілген. Біздегі ақпаратқа қарасақ бұл шағын аудандағы ауыз су мәселесі 2020- жылға қарай шешімін табады.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстандағы 710 елді мекеннің 383-ші ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Аймақта ауыз мәселесін толық шешу үшін жалпы құны 17 миллиард теңге болатын 69 жоба жасалған.

Рауан Тұрысбек, Облыстық энергетика және түкш басқармасының бас маманы:

Бүгінде облыстағы ауыз су құбырының 70-80 проценті ескірген. Сондықтан осы салада қабылданған бағдарламаларға сәйкес ауыз сумен қамту кезең-кезеңмен шешіледі. 2025 жылы облыстағы барлық ауыл-елдімекен орталық су құбырына қосылады.

Мамандар, шалғайдағы шағын ауылдарға су құбырын тартпас бұрын олардың болашағын зерделеп алмақ. Өйткені, судың ғана емес, су құбырын тартуға кететін қаржының да сұрауы бар.

Берік Көшербай, тілші:

Бүкіл облысты таза ауыз сумен 100 пайыз қамту үшін әлі 6 жыл керек. Ал оған дейін ауылдағы да, қаладағы да біраз жұртқа тіршілік нәрін тасымалдап ішуден басқа амал жоқ. Мысалы, бұл Өскемендегі ең үлкен көшенің бойында тұрған құдық. Шүмегі шіріп, түсіп қалса да бұл жерден адамдар әлі күңге дейін су алады.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу