Қазақстанда білім алған ауғандық студенттер Еуропаны бағындырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда білім алған ауғандық студенттер Еуропаны бағындырды

06.11.2019

 «Қазақстанда алған білім-жаһанға жол ашты». Еліміздің жоғарғы оқу орындарын тәмәмдаған Ауған жастары осылай дейді. Естеріңізде болса, 2009 жылы екі елдің «білім беру саласындағы ынтымағын арттыру» туралы келісім-шарт бойынша 1000 ауғандық студент Қазақстанда тегін білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дипломымен Еуропаны бағындырған ауған жастарымен Бельгияда тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.

Ахмад Вали Қазақстанда тегін оқу бақытына ие болғандардың бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түсіп, қазақ бөліміне қабылданған алғашқы ауғандық студент. Қазақшаны тез меңгеріп, алғырлығымен көзге түскен жігіт Алматыда өткізген 5 жылын сағына еске алады.

Ахмад Вали, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі:

ҚазҰУ-дің білімі жақсы. Рахмет сол біліміне, мен қазір Бельгияда жұмыс істеп жүрмін. ҚазҰУ бізге көп мүмкіндік берді. Біз ҚазҰУ-да оқып жүрген кезде тек оқу емес, жобаларға қатыстық. Жобалар жасадық. Сол бойынша біз өзіміздің жолдарымызды таптық. Мен Ауғанстанда болғанда мүмкін менің өмірім басқаша болатын еді.

Ахмадтың ақыл-кеңесінің арқасында Алматыға оқуға тапсырғандардың бірі — Малика Явари. Шағын ауылдан шыққан қыз Қазақ ұлттық университетінде «әлемдік экономика» мамандығын меңгерді. Осылайша, ол өз өмірін де, бұрымдылардың білім алуына қарсы Ауған қоғамының да көзқарасын өзгертті.

Малика Явари, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі:

Оқу бірінші жылда тілді үйрену кішкене қиын. Одан кейін мен жақсылап үйрендім қазақшаны. Менің ұстаздарым маған көп көмектесіп жүрді. Мысал ретіне слайдтарды жеке жіберіп, кластастарым, қазақ қыздар маған көмектесіп берді сабақтарда.

Малика қазір Бельгияның Левен қаласында нидерланд тілін үйреніп, магистратураға түсуге дайындалып жатыр. Ал Ахмад Еуропалық саяси зерттеулер орталығында жұмыс істейді. Брюссельдің еркін университетінің магистратурасын тәмәмдаған. Енді саясаттанудан докторлық диссертация жазуға кірісті.

Ахмад Вали, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі:

Көбісі басқа елдер Ауғанстанға көмек көрсетеміз деп жүр. Бірақ олардың көмегі көрінбейді. Ал Қазақстанның көмегі көрініп тұр. Бізде студенттер қазір көбісі Ауғанстанда және басқа халықаралық салаларда жұмыс істейді. Сол үшін мен ешқашан Қазақстанды ұмытпаймын.

Малика Явари, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі:

Мен Қазақстанда оқығаныма қуанамын. Және Қазақстанға барып қазақ тілін үйренгеніме қуанып тұрмын. Қазақтың мәдениеті күшті. Олар қонақжай. Кейбір салт-дәстүрі бізге ұқсас екен.

Алматыдан түлеп ұшқан ауған түлектері осылайша Еуропаға жолдама алды. Жүрген жерлерінде қазақтың кеңпейілділігі жайлы айтудан жалықпайды. «Қазақтың ұнын, етін сағындық» -деген жастар «дәм тартса» Қазақстанда да қызмет етіп, қазақ-ауған достығының нығаюына бар күштерін салмақ.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу