Діни экстремизммен күрес кезінде енді алдын алу шараларына емес, тәуекел тобына кіретіндермен жұмысқа басымдық беру керек. Қазақстан дінтанушыларының тоғызыншы форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай деді. Өйткені жат ағымның жетегінде кететіндер көбіне-көп жұмыссыздар, студенттер мен вахтада еңбек ететін азаматтар екен. Ал діндарлар бұл бағытта оң өзгеріс болуы үшін қазақы тәрбиемен қоса Алтын орда кезеңінде қалыптасқан діни ұстанымдарды қайта жаңғырту қажет деп санайды. Форумда айтылған ойлар мен жат ағымдармен күрестің нәтижесі жайлы келесі бейнематериалда.
Елімізде деструктивті діни ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми дерегі осындай. Бұл «20 мың адасқан тағдыр, уланған сана» деген сөз. Әзірге жат ағымға кетіп қалғандар қатары азаймай тұр.
Дегенмен, өсімі тоқтапты. Мұның өзін мамандар «жеңіс» деп бағалап отыр. Өйткені теріс ағымға түсудің жолы қысқа, ал кері қайтару сандаған жылды талап етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс кешенді жүзеге асырылуы тиіс. Алдын алу үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернеттегі үгіт-насихатпен күресіп әлек. Діни экстремизм мен терроризмге үндеген 13 мың материал анықталып, оларға шектеу қойылды.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Қазіргі заманда әлеуметтік желілерде, интернет парақшаларында осы жұмысты күшейту керек екенін сеземіз, білеміз. Сол үшін осы жұмысты жалғастырамыз.
Ал имамдар мен теологтар түсіндіру жұмыстарын қолға алған. 3 жыл ішінде 78 мыңға жуық түрлі шар ұйымдастырылып, олар 15 млн адамды қамтыған. Білігі жоғары дінтанушылар теріс ағымның жетегінде кеткендермен сұхбаттасып, олардың көзқарасын өзгертуге күш салуда. Осының арқасында өткен жылы 2 мың адам дәстүрлі дінге бет бұрыпты. Имамдар сотталғандармен жұмысқа үлкен мән беріп отыр.
Серікбай Қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:
Елімізде 100-ге тарта осы түзету мекемелерінде арнайы жұмыс жасайтын, аты-жөні бекітілген діни теологтарымыз бар. Олар жекелеген сұхбаттасуда, алдындағы тұлғамен жұмыс жасауда барлық жағынан жетік мамандарымыз. Оның нәтижесінде түрмеде отырғандардың 150-ден астамы саналы түрде райынан қайтып, дәстүрлі танымымызға оралғанын көріп отырмыз.
Жыл сайынғы дәстүрлі форумда айтылған тағы бір жағымды жаңалық: бүгіндері теріс идеология таратқан белсенді қазақстандық миссионерлердің жұмысына шектеу қойылды. Сыртта жүріп теологиялық білім алған жастармен де жұмыс жолға қойылған. Ендігі мақсат: кейінгі ұрпақтың жат ағымның жетегінде кетпеуін қадағалау. Ол үшін әр отбасыда ұлттық тәрбиеге басымдық беріліп, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету, бауырмалдыққа баулу сынды қазақы құндылықтарды балалардың құлағына құйған жөн. Имамдар діни экстермизмді болдырмаудың бірден-бір тәсілі осы деп есептейді.
Альбина ӘШІМ