Алматы облысындағы Еңбек ауылының мектеп оқушылары дәлізде сабақ оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Еңбек ауылының мектеп оқушылары дәлізде сабақ оқуға мәжбүр

06.11.2019

Алматы облысының мыңнан астам түтіні бар Енбек ауылындағы 80-нен астам бала 4 бөлмелі бастауыш мектепте оқуға мәжбүр. «Мектеп деген аты болмаса, дәлізді есептемегенде, кәдімгі үйшік», - дейді наразы ата-аналар. Тіпті, кейде бөлмеге сыймаған балалар дәлізде отырып оқиды. Ал Алматының іргесінде тұрса да, әлі күнге дейін көмір жағып жылытады, әжетханасы далада тұр. Қыстың көзі қырауда бүлдіршіндерге обал. Ең қиыны, 5-тен жоғары сыныптардың оқушылары 4 шақырым жердегі көрші Жетіген ауылына қатынап оқиды.

1984 жылы іргесі қаланған бастауыш сыныпқа арналған мектеп әлі күнге дейін бір де бір рет жөндеу көрмеген. Қазір мұнда 8 сыныптың балалары 2 ауысыммен оқиды. Оларға орын жетпегендіктен, дәлізде де дәрістер өтеді. Ал 83 оқушы бір ғана компьютерді пайдаланып жүр.

Гүлхан Махайқызы, Еңбек ауылының тұрғыны:

Қосымша, мынандай, жаңаша дүниеге жоқ. Бәрі соғыс кезінде қалып қалған дүние.

Оразхан Жыртанова, Еңбек ауылының тұрғыны:

Бұл мектептің мәселесі шешілмейтін болды. Қашан бізге үлкен мектеп салынады? Балалардың саны көбейіп жатыр. Ауыл үлкейіп келе жатыр. Жылда жиналыс ашады. «Мектеп болады, ойбай сендерге қарық қыламыз» деп. Жылда сол жартас сол күйінше қалады.

Мектепте асхана тұрмақ, спорт зал жоқ. Сондықтан мұғалімдер мен оқушылар қыс мезгілінде дене шынықтыру сабағын дәлізде өткізуге мәжбүр. Жұрт үш жыл бұрын «мектеп саламыз» деген атқамінерлердің сөзі құрғақ уәдеге айналды деп ашынып отыр. «Ал жаңа мектептің құрылысы үшін жер телімі биыл бөлінді», - дейді әкімдіктегілер.

Қаламқас Сәрсенбаева, Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы:

450 орындық мектеп құрылысын жүргізуге жер телімін бөлді. Ендігі кезекте жобалық-сметалық құжаттама жасалынуда. Бюджеттен қаражат қарастырылып жатыр. Келер жылға бюджеттен қаражат бөлініп жатса, жобалау құжаттамасын жасаймыз.

Тұрғындардың сөзінше, халық саны ауылда жыл сайын көбейіп келе жатыр. Сондықтан мектеп мәселесі жақын арада шешілмесе, балаларымыз білімсіз қала ма деп алаңдайды. Айта кетейік, Іле ауданында қазір 48 орта мектеп жұмыс істеп тұр. Солардың 15-де оқушыларға орын жетпейді.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу