Алматы облысында өз ісін ашқан азаматтардың саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында өз ісін ашқан азаматтардың саны артып келеді

06.11.2019

Қазір елімізде Президенттің халыққа Жолдауында жүктелген кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары ілгерілеп келеді. Өңірлерде арнайы жобалар іске асып жатыр. Кәсіп бастаймын деушілерге мамандар мемлекеттік бағдарламалардың маңызын жете түсіндіріп, бағыт-бағдар беруде. Мәселен, Алматы облысының Ұйғыр ауданында осы уақытқа дейін 734 адам кәсіпкерлік білім алса, солардың 229-ы өз ісін ашқан. 

Аудан тұрғыны Саида Рахметова бала күнінен дәмхана ашуды армандаған. Сондықтан арнайы курсқа қатысқан ол жобасын ұсынып, несие алды. Соның нәтижесінде қазір асхана ашып, он шақты адамға жұмыс тауып беріп отыр. 

Саида Рахметова, кәсіпкер:

Әртүрлі жобаларды көрсетті. Қалай жұмыс жасауды үйретті. Сосын мен жұмысымды аштым.

Амангелді Муслим, «Атамекен» ҰКП Алматы облысы Ұйғыр аудандық филиалының директоры:

Біз оқу кезінде білім алушылар ұсынған жобаларды саралап, таңдаймыз. Содан соң ол жобаны қаржыландырамыз. Кейін үш жылға дейін кәсіпкердің жұмысын қадағалаймыз. Егер кәсібі жүрмей жатса, оларға аз пайызбен несие беріп, қайтадан көмектесе аламыз.

Ұйғыр ауданы - өріктің отаны. Жергілікті тұрғындардың көбісі бау-бақша өсіреді. Солардың бірі - Қожахмет Қадыров. 2006 жылы әйгілі «Ават» өрігінің 2 мың түп ағашын еккен. Бүгінде соның жемісін жеп отыр. Ал оның өнімдеріне көрші Ресейден сұраныс көп.

Қожахмет Қадыров, кәсіпкер:

Жұмыс істеуге жағдай жасалып жатыр. Ерінбесең болды.

Бүгінде өңірде мемлекеттік жобаларға қатысып, түрлі кәсіп ашып, нәпақа тауып отырғандар жетерлік. Солардың арасында жастарға ерекше қолдау көрсетіледі. Олар тәлімгерлерге бизнес жобаларын ұсынып, сол сала бойынша кәсіптерінің нәсібін көру үшін күш жұмсап жатыр. 

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу