Павлодар облысында миллиардтаған қаржыға салынған жолдар сыр беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында миллиардтаған қаржыға салынған жолдар сыр беріп жатыр

04.11.2019

Павлодар облысында миллиардтаған қаржыға салынған жолдар қайта бүлініп жатыр. Жолдың олқылығы сапаны қадағалау құқығы бар жергілікті мемлекеттік органдар емес, қоғамдық ұйым белсенділері жариялауда. Ал осы аймаққа арнайы барып, зертханалық тексеріс жүргізген республикалық «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өкілдері мердігерлер жұмысынан көп мін тапты.

Бұл Павлодардан Шығыс Қазақстан облысына шыға беріс қақпа. «Орталық-Шығыс» автожол дәлізі бойынша салынған 1200 шақырым автобанмен жүріп өткен жүргіншінің жүйкесі осы аралықтағы 13 шақырым жолды жүріп өткенде сыр береді.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РММ бас директоры:

Әйтеуір жол деген аты бар. Шұңқырлары бар, жаңағы ескі жол болғасын тек жүруге пайдаланып тұрған жол.

 «Астана-Павлодар-Өскемен» арасын жалғайтын асфальт-бетонды жолдың осы тұсы жобаға енбей қалған. Қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. Ал мынау Майқайың мен Екібастұз арасын жалғайтын облыстық деңгейдегі жол. Бастан-аяқ жөнделгеніне екі жыл толмай тозып кетті. Бірақ қабылдап алған мемлекеттік мекемелер үнсіз. Ал, көлік жүргізушілері мен қоғамдық ұйым белсенділері әлеуметтік желіні «шулата-шулата» шаршаған.

Ринат Қойсоймасов, Облыстық жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

2015-16 жылдары су тасқыны болды. Соның салдарынан топырақ шөгіп, жолдың сапасы бұзылды. Оның үстіне жүк көліктері толассыз жүреді.

Басқарма басшысы мердігерді қорғаштап бақты. Ал өзі осы жолдың қай жылы жөнделіп, қашан тапсырылғанынан бейхабар.

Исламбек Құлтуманов, мердігер фирма өкілі:

Біз бұл жолды 2017 жылдың басында бастап, аяғына қарай тапсырдық. 29 шақырымның 9 шақырымын жөндедік. Содан бері екі жыл болды. Кепілдік мерзімі аяқталмағандықтан кемшілікті түзейміз.

Ал зертханалық тексеру асфальт төсеу кезінде техникалық талаптардың сақталмағанын анықтап берді. Яғни бақылау болмағандықтан 1,5 миллиард теңге бөлінген жол сапасыз жасалған.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РММ бас директоры:

Біріншіден, қалыңдығы жетіспейді, жаңа қазып қарадық, өздеріңіз көрдіңіздер 5-6 см қалындығы жетіспейді. Сынамалар кезінде алғашқы тығыздық коэфиценті жетіспеушілігі байқалды. Және асфалтқа су қанығуы да өте жоғары.

Аймақтық БАҚ өкілдері «Жол активтері ұлттық сапа орталығын» «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған Астана мен Павлодар арасындағы жол учаскелерінде зертханалық тексеру жүргізуге шақырды. Себебі, кейбір аумақтарда жол сапасыз жасалған.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу