Қостанай облысында жылыту маусымы басталғалы өрттен 6 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жылыту маусымы басталғалы өрттен 6 адам қайтыс болды

04.11.2019

Биылғы жылу маусымы басталғалы Қостанай облысында 6 адам өрттен қаза тапты. Олардың бәрі де пештің дұрыс салынбауының кесірінен құрбан болған. Аймақтағы 7 мыңнан аса тұрғын үй қатты отынмен жылытылады. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері ауылдарды аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мақсат – өрттен келетін қатердің алдын алу. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Владимиров ауылындағы мына үй осыдан 10 шақты күн бұрын өртеніп кетіпті. Оттың тұтануына пештегі ақау себеп болған. Алдымен төбе жаныпты. Одан әрі жалын бүкіл үйді шарпыған. Өкініштісі өрт кезінде осында тұрып жатқан қос қария қаза тапты. 

Қостанай ауданына қарайтын бұл елді мекенде өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру тамыз айында жүргізілген. Сол кезде 16 үйде ереженің сақталмағандығы анықталды. Мысалы, мынау үйдің пешінде жарық бар, мұржасы тазаланбаған, электр сымдары жанғыш затқа бекітілген. Алайда үй иесінің ескертуден қаншалықты нәтиже шығарғаны беймәлім. Есікті ешкім ашпады. 

Сайранбек Бекмағанбетов, ТЖД Қостанай облыстық басқармасының бастығы:

Облыс бойынша 12 мыңнан аса үйді қарадық. Оның ішінде 752 үйге иелері кіргізген жоқ. Енді тағы бір келіп осы үйлерді тексеріп кетеміз.

Денис Черкаскийдің үйінде 6 адам тұрады. Оның төртеуі мектеп жасындағы балалар. Үй иесіне өрт қауіпсіздігіне қатысты бұған дейін де ескерту жасалған. Бірақ одан ештеме өзгермепті. 

Денис Черкаский, ауыл тұрғыны:

Ескертулермен келісемін. Бұл біріншіден, өз қауіпсіздігіміз үшін керек. Бұған дейін дұрыстауға уақыт болмады. Енді жұмысты қолға аламын.

Төтенше жағдай қызметкерлері талапты бұзғандарға ешқандай шара қолданбайды. Тек түсіндіру, ескертумен шектеледі. Ал одан нәтиже шығаруға біреудің ынтасы, енді бірінің қаржысы жоқ.

Александр Шевченко, ауыл тұрғыны: 

Мұның бәрі дұрыс, әрине. Бірақ шындығына келгенде талапты орындау үшін де ақша керек. Мысалы, электр сымдарын толық жаңарту үшін 30-40 мың теңге қажет. Оны қайдан аламыз?

Владимиров ауылында 781 үй бар. Олардың бәрін тексеріп шығу үшін бүгін облыстық басқармадан 35 қызметкер келді. Мұндай шара қазір аймақтағы барлық аудандарда өтіп жатыр. Дегенмен бірінші кезекте өз қауіпсіздігіне әрбір азаматтың өзі жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу