Өскемендік оқушылар Бразилияда өткен білім сайысынан жүлделі оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендік оқушылар Бразилияда өткен білім сайысынан жүлделі оралды

31.10.2019

Өскемен қаласының 10 оқушысы Бразилияда өткен білім сайысынан 10 медаль жеңіп алды. Халықаралық «Mostratec» білім көрмесінің аясында ұйымдастырылған ғылыми жұмыстар олимпиадасында 40 мемлекеттен барлығы мыңнан астам оқушы бақ сынады. Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейінің 10 оқушысы математика, биология және ағылшын тілі пәні бойынша жоба қорғап, жеңімпаз атанды. Нақты айтқанда, елге 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен оралды. 

Олипиаданың негізгі мақсаты – оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына деген ынтасын күшейту, әртүрлі саладағы ғылым мен техниканың шығармашылық қызметіне қызығушылық ояту, халықаралық серіктестікті нығайту. Алтыннан алқа таққан оқушыларды Өскемен әуежайынан мектептегі ұстаздар, ата-аналар сән-салтанатпен күтіп алды. Жалпы, Қазақстаннан Бразилияға барлығы 31 оқушы барған. Ең көп медальді Өскемендегі жастар ұтып алды.

Дария Исламбекова, «Нұр Орда» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы:

Біз алтын медаль алдық. Біздің жобамыз математика пәні бойынша болды. Алтын медальды алғанда қатты қобалжып, сахнаға шыққанда өте қуандық. Қазақстанмен қатар Бразилия, Аргентина, Турция мемлекеттері жақсы нәтиже көрсетті.

Бекзат Мажитов, «Нұр Орда» мектеп-лицейі директорының орынбасары:

Оқушылар өздеріне үлкен бір тәжірибе жинады. Ол жерде орын алу бір мәселе, өздері сол жерге барып, басқа адамдармен танысып, өздерінің пікірлерін айтып, жобаларын қорғау - үлкен тәжірибе. 

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу