Таэквондодан халықаралық жарыс заңсыз ұйымдастырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таэквондодан халықаралық жарыс заңсыз ұйымдастырылған

29.10.2019

Шымкент қаласында таеквондодан клубтық Азия чемпионаты заңсыз өткен. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді. Ал ұйымдастырушылар болса: «Қазан айының 26-27 күндері жарыс өткізу туралы өтініш хат спорт басқармасына алдын ала жолданды. Олар уақыты келгенде уәделерінен тайқыды»,- дейді. Қалалық спорт басқармасының өкілдері Таэквандо федерациясының ел ішінде мұндай жарыстар өткізуге құқығы жоқ екенін алға тартты. Олар жарыс өткізу арқылы пайда табу мақсатында қазақстандық балалардың әрқайсынан 10 мың, шетелдік спортшылардан 15 мың теңгеден жарна жиып алғанға ұқсайды. Осылайша, бір-бірімен келісе алмаған тараптар енді бір-бірін сотқа бермек. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық таэквондо ITF спорт федерациясының шақыруымен Шымкентке Өзбекстан мен Тәжікстаннан, еліміздің түрлі өңірлерінен 400 спортшы жиналған болатын.  

Айдос Аманжолов, Таэквандо ITF спорт федерациясының президенті:

Осы айдың басында Елордадағы спорт комитетінен бастап, Шымкент әкімі мен жергілікті спорт басқармасына қазанның 26-27 күндері жарыс ұйымдастырамыз деп ескерткенбіз. Шенеуніктер «қарсы емеспіз» деген соң, осындай спорттық шараға арналған залды да дайындадық. Жарыс басталарға санаулы сағаттар қалғанда бізді залдан қуып шықты. Не үшін десек, «Спорт басқармасының басшылары рұқсат бермеді» деп айтады. Сөйтіп жарыс күні біз басқа зал іздеуге мәжбүр болдық.

Раухан Тұғымбаева, ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз хатшысы:

Бұл аталған федерацияның аккредитациясы үстіміздегі жылдың 19-шы қыркүйегінде қайтарылып алынған. Оның жұмысында кейбір мәселелер болып, оны шешуге 6 ай уақыт беріледі. Сол 6 айдың ішінде сол проблемаларды шешуі қажет. Шешілмей жатса, ол федерацияның жұмысы тоқтатылады. Яғни куәлігі қайтарылып алынады.

Ғани ҚАЛМАХАН, Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу