Тарбағатай ауданында жер дауы өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатай ауданында жер дауы өршіп тұр

29.10.2019

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында жер дауы өршіп тұр. Қазір өңірде мал саны артып, төрт-түлік өріске сыймай кеткен. Ал кезінде алып, қараусыз қалған бос жерлер тым көп. Мамандар ауданда 367 адам алған жер телімдерін мақсатына сай қолданбаған деп отыр. Кесірінен мал өсіріп өрісі тарылған жұрт жерге таласып, бір бірін сотқа сүйреп жүр. 

Жасы 70-тен асқан Айтжамал Сапарбекова 15 жылдан астам уақыт мал шаруашылығымен шұғылданады. 300 гектар жері бар. Соңғы жылдары игеріп отырған учаскесінің үстінен тағы бір қожайын табылған. Қыстаудағы қора-қопсының жартысы құжат бойынша өзгеге тиесілі болып шыға келген. Сондықтан, Айтжамал әже 2016 жылдан бері жерін даулап соттасып, әділдікке жете алмай келеді.

Айтжамал Сапарбекова, ШҚ жетекшісі:

Біресе Өскеменге барамын, біресе қайтып келемін. Ешқандай сөзім ешкімге өтпейді. Сол жүрген сандалыс.

Жердің бір бөлігі менікі деген Ерқанат Ұзанұлының да қолында заңды құжаттары бар. Көп жыл қолданбай келген ол, биыл шаруашылығын жандандырып, жерді пайдалана бастаған.

Ерқанат Ұзанұлы, ШҚ өкілі:

Түгел менікі. Міне, акті тұр ғой. Биылдары қайтадан мал шығардық. Өзіміз қолданып жатырмыз.

Учаскесінің үстінен қабаттасып, тағы біреулерге жер беріліп кеткен тарбағатайлықтардың бірі — Айман Кенебаева. 3000 гектар жердің иесі. Қазір оған да «жердің жартысы менікі» - деген ауылдасы табылды.

Айман Кененбаева, ШҚ жетекшісі:

Ен жатты жер, Бос. Бір адам жоқ. Маған апарып өздері қазығын қағып берді. Жерді даулап отырған кісінің де кінәсі жоқ. Бұрын мен алған жылдары ол кісі де алған.

«Әкімшілік өкілдері мұндай дау-дамай, былықтың бәрі 90-шы жылдары жер телімдерінің бейберекет берілгендігінен туындап отыр»,-дейді. Жер алғысы келгендерге оңды-солды таратылған. Мамандар картаны көзмөлшермен сызған. Дәлдік жоқ. Қазір сол қателіктер шығып жатыр.

Серік Ахметов, Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы:

Біз GPS құрылғылар арқылы точкаларын бәрін талап қоюшы мен шағымданушы азаматтың жерлерін барып, қазықтарын қақтық. Бұрын GPS болмаған ғой. Адамдар метрлап өлшеген. Машинамен, көзмөлшермен.

Бейберекет берілген жерлердің арасында қолданыссыз бос жатқандары да тым көп. Бірақ мал өсіргісі келіп, өрісі тарылғандарға олардың иелері аттап бастырмайды.

Сайра Аюпова, Ойшілік ауылының тұрғыны:

Біздің ауылда қалаға көшіп кетіп, жерді пайдаланбай отырған 25 қожалық бар. Қарапайым жер жайылымдыққа таба алмай отыр. Осы ауылда 400 бас мал жайылымға шыға алмай отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ауданда жаппай тексеру жүргізіле бастаған. Жақында бос жатқан 30 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Тағы осынша жер телімінің иесіне ескерту берілді.

Қайыртай Орынтайұлы, жер инспекторы:

Мемлекеттің иелігіне қайтаруға сотқа береміз. Әрі қарай шешімді сот шығарады. Бастауыш шаруа қожалықтар. Сонан кейін малы өскен, малы жеріне сыймай отырған шаруа қожалықтар зардап шегіп отыр.

Тарбағатай ауданы бойынша әзірге 150 мың гектар аумақтың бос жатқандығы анықталған. Енді иелері не өздері игермей, не өзгеге қимай отырған мұндай жер телімдері түгелдей мемлекетке қайтарылмақ.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу