Президент Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне пәтер кілттерін табыс етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне пәтер кілттерін табыс етті

29.10.2019

Мемлекет басшысының Алматы қаласына екі күндік жұмыс сапары басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті ілгерілету жөніндегі үлкен кеңесті бастамас бұрын кішкентайынан тағдыр теперішіне тап болған жетім балаларға үлкен қуаныш сыйлады. Балалар үйінің 12 тәрбиеленушісіне пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. 

Солардың бірі – Маржан Нарбекова. Бойжеткенде бүгін қос қуаныш. Көптен күткен пәтерге қол жеткізді және сол бақыт мекенінің кілтін Президенттің өз қолынан алды.

Маржан Нарбекова, Балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Өте қуаныштымын. Үлкен рақмет.

«Алматының ауасы – саф, тәртібі – сақ, инфрақұрылымы нық болуы тиіс». Үлкен жиынға төрағалық еткен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Алматыны өмір сүруге жайлы, тұрмысқа қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселелерге екпін қойды. Атап айтсақ, инновациялық экономика, халықтың тұрмыс-тіршілігі, қала инфрақұрылымы, экология, жастар мәселесі, туризм, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік басқарудың ашықтығы хақында болды. Әр мәселеге терең қараған Президент жергілікті билікке және салалық министрлерге аталған мәселелерді шұғыл шешуді қадап тапсырды.

Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу