Өскеменде жаңадан ашылған сауда үйінің еденіне құлпытас сынықтары төселген. Ең сорақысы, кейбір зират тастарында о дүниелік болған адамдардың портреті бар. Марқұмдардың бейнесі аяқ астында тапталып жатқанын сауда орнына барған тұрғындар байқап, әлеуметтік желіде жариялады. Тіпті тұрғындардың бірі еденіндегі плитадан әкесінің суретін танып, құқық қорғау органдарына шағымданды. Сауда үйінің еденіне құлпытас төселгені туралы бейнежазбалар әуелі әлеуметтік желіде тарады. Мұны естіген жұрт жағасын ұстады. Ал Наталия Андреева сауда орнындағы еденнен 15 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің бейнесін көріп шошып кетіпті.
Наталия Андреева, қала тұрғыны:
Менің әкем 2004 жылы көктемде жерленген болатын. Ал 2014 жылы құлпытасты жаңартпақ болдық. Шеберханада ескі суретті реставрациялаудан бас тартып, жаңа құлпытас қоюға кеңес берген болатын. Ескі құлпытасты қайтармады, біз оны жойып жіберген шығар дедік. Бес жыл өткен соң осындай жаңалық естіп отырмыз.
Сауда үйінің әкімшілігі болған жағдайды растады. Тек жауапкершілікті құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияға жүктеп отыр. Аз уақыт ішінде еденге төселген құлпытастар қайдан әкелінгені де анықталды. Гранит өңдейтін шеберхана директорының осы жағдай бойынша өз уәжі бар.
Владимир Козырев, гранит шеберханасының директоры:
Адамның портреті салынған ескі гранит тасты жұмысшылар қалдықтар жататын жәшікке апарып тастаған. Ол жерден құрылыс нысанына алып кетіпті. Граниттің мұндай қалдықтары соңғы 10 жылдан бері жиналып қалған. Еденге төсер кезінде құрылысшылар материалды сұрыптап, мұндай жағдайға жол бермеу керек еді.
Наталия Андреева қос тараптың ақталып айтқан сөзіне қарамастан, қалалық полцияға арыз жазды. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Жасұлан Игісінов, Қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бөлімше бастығы:
Қазақстан Республикасы Қылымыстық Кодексінің 294 бабына сәйкес вандализм қылмыстық ісі бойынша қазіргі таңда тергеу амладары жүргізілуде. Осы біздің Өскемен қаласының бір тұрғынынан арыз түскен. Сол қылмыстық іс бойынша жоспарланған тергеу әрекеттеріне байланысты сұрақтар мен жауаптар алынуда. Ары қарай процессуладық шешім қабылданып сотқа жөнелтіледі.
Осы шудан кейін аяқ астында тапталып жатқан құлыптастағы марқұмдардың бейнесін құрлысшылар өшіріп тастаған. Бірақ Наталия Андреева әкесінің суретін сауда үйінің еденінен мүлде алып тастауды талап етуде.
Берік КӨШЕРБАЙ