Бельгияда білім алып жатқан 20-дан астам қазақстандық студент еліміздің осы мемлекеттегі төтенше және өкілетті елшісі Айгүл Құспанмен кездесті. Мақсат - жас буын өкілдерінің көкейтесті мәселелерін тыңдап, өзара пікір алмасу. Кездесуде Айгүл Құспан жастарды Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауымен таныстырып, құжаттағы елдің дамуына бағытталған маңызды бастамаларға тоқталды. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдық мерейтойы мен Алтын Орданың 750 жылдығына орай келесі жылы Бельгияда ұйымдастырылатын мәдени шараларға елші студенттерді белсенді қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, елшілік қарашада қазақ жастарымен Еуропарламент депуттарының кездесуін ұйымдастырмақ. Бұл студенттерге қарт құрлық тәжірибесін игеруге үлкен сеп болмақ.
Айгүл Құспан, ҚР-ның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Мемлекетіміз, ата-аналары осы жастарға білім алып, артынан еліне оралып, жемісті, жеңісті жұмыс істейтіндеріне кәміл сенеді. Өз тарапымыздан біз бұл балаларға барлық көмекті көрсетуге дайынбыз.
Нұрсұлу Қасым