Алматы облысындағы елді мекендердің тұрмысы түзеліп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы елді мекендердің тұрмысы түзеліп келеді

28.10.2019

Алматы облысында «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар іске асып жатыр. Игі бастаманың нәтижесінде шалғай ауыл тұрғындарының саны артып келеді. Сонымен қатар, елді мекендерге жол салынып, жаңа нысандар бой көтеруде. Мәселен, биыл Іле ауданына қарасты Чапай ауылында 1981 жылдан бері жөндеу көрмеген әкімдік ғимараты жаңартылды. Жаңа нысан ауылдың 90 жылдығына орай өткен торқалы тойда пайдалануға берілді. 

Елді мекеннің 90 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Жиналғандар алдымен әкімдіктің жаңа ғимаратын аралап көрді. Мерейтойға орай танымал өнерпаздар концерт қойса, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Балапан Берсімбаева, ауыл тұрғыны:

Бүгін халық көңілді. Тойлап жатырмыз. Бұл ауыл - өте берекелі, ынтымағы жарасқан, керемет ауыл.

Кеншін Қасымбеков, Іле ауданының құрметті азаматы:

Бұған біз қуанамыз. Көшенің бәрі асфальтталып, су келіпті. Бұрын ондай болған жоқ. Қазір сондай өсіп келе жатқанына қатты қуанамыз. 

Ауылда қазір 10 мыңнан астам халық бар. Өңірде, әсіресе, спорт саласына қолдау көрсетіліп келеді. Күрес, бокс сияқты спорт түрлерінен Азияда өткен жарыстарда топ жарған жастар көп. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер жастарға зәулім спорт кешенін салмақшы. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінген. 

Қанат Рахимов, Чапай ауылдық округінің әкімі:

Егін шаруашылығы, мал шаруашылығын да қалдырмай, оны да іске асырып, жұмыс жасап жатырмыз. Бізде ауылымызда екі бордақылау алаңдары бар. Тағы бір бордақылау алаңын салу мақсатымыз бар.

Қазір елді мекенде 3 құс фабрикасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондықтан ауыл жұрты жұмыссыз емес. Себебі аталған өндіріс орындарында мыңнан астам тұрғын еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу