Жаңаөзенде жұмыссыз жастарға жол көрсететін жоба қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде жұмыссыз жастарға жол көрсететін жоба қолға алынды

28.10.2019

Жаңаөзен қаласында «Кәсіп түбі - нәсіп» жобасы басталды. Оның мақсаты - жұмыссыз жастарды кәсіпке баулу, бизнесте кедергіге тап болғандарға көмек көрсету. Қазір жоба туралы тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамандар екі аптаның ішінде 500-ге жуық адамға кеңес беріп үлгерді. 

Жаңаөзен қаласында 160 мың халық тұрады. Маңындағы ауылдарда 35 мыңдай тұрғын бар. Олардың барлығы да жаңа жобаның шарапатын көре алады. Теңге ауылының тұрғыны Жарас Нұрадинов жұмыссыз жастарға арналған курсқа қатысу арқылы, шаштараз ашуды шешті. Бизнес жоспар құрып та үлгерді. 

Жарас Нұрадинов, Теңге ауылының тұрғыны:

Мына жерге келмей жатып, 1-сыныптың оқушысындай болдым. Ештеңе білмеймін. Маркетинг, бухгалтерия, налог, кәсіп ашу туралы. Осы сабақтардың арқасында өз кәсібімді ашып, мамандығым бойынша емес, үйренген қабілетім бойынша жұмыс істеуге ниетім бар.

Кәсіпкер Болат Туланов тұрмыстық және кеңсе техникасын қайта өңдейтін цех ашуды көптен жоспарлап жүр. Бірақ дайын жобаны жүзеге асыру оңайға соқпаған. Қайда барса да, кедергіге тап болады.

Болат Туланов, кәсіпкер:

Олар менің проблемамды шешіп берді. Көбіне қаржы болған соң, несие арқылы осы жобаны ары қарай жүргізуге талпынып отырмыз. Үміттеніп отырмыз. Қаржы болады деді. Құжаттар тапсырылды.

Жоба бірнеше бағыттан тұрады. Кәсіпкерлікке қатысты кедергілерді жою мен екі қолға бір күрек таппай жүрген жастармен жұмыс негізгі тармағы деуге болады. Алғашқысы бойынша мамандар 2 мыңнан астам кәсіпкерге нақты көмек берілетінін айтты. Ал жұмыссыз жастарға әр түрлі бағытта тренингтер өткізілуде. 

Бауыржан Оразғалиев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі:

Оқуға қатысқан адамдар грант ала алады. Қайтарымсыз. 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Одан бөлек, микроқаржы ала алады. Жергілікті жастар түсіну керек. Бір саламен ғана шектелмей басқа да салада табысты болуға болатынын.

Білікті мамандардан құралған топ қазір қаладағы кәсіпкерлер орталығында жұмыс істеп жатыр. Бір қатары кәсіпкерлер көп шоғырланған сауда нысандарында отыр. Олар бизнесті несиелендіру мен кәсіпті дамытуға қатысты мәселелерді шешіп, құқықтық кеңестер береді. Бизнес жоспар құруға көмектеді. Ауыл шаруашылығына қатысты да қолдау көрсетеді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу