Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен жеке-жеке кездесулерін жалғастырды.
Мысалы, осы аптада белгілі адвокат Айман Омаровамен кездескен. «Ақ Орда» сайтының хабарлауынша, адвокатпен азаматтардың құқығын қорғау және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланған. Атап айтқанда, А.Омарова Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 130-бабының қылмыстық мазмұнын өзгерту және 174-бабына түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасапты. Енді 130-бапқа үңілейік: 130-бап «Жала жабу» деп аталады. Адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер таратуға байланысты жаза түрлері топтастырылған. Тоқталатыны, 3-пунктте «...адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан іс-әрекеттер ...үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан шектелетіні, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны жазылған.
174-бап «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталады... Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Айман Омарованың бастамасының маңызды екенін атап өткен.
Қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекпен кездесу кезінде миграция және көші-қон туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері көтерілді. Ауыт Мұқибек Мемлекет басшысының «оралман» сөзінен бас тартып, оны «қандастар» деп өзгерту жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты, деп жазды, «Ақ Орда» сайты.
Ауыт Мұхибектің өзі: 15-20 минутқа жоспарланған қабылдау жарты сағаттан аса уақытқа созылды. Мемлекет Басшысына жеткізсем деген жеті ұсынысым толық, егжей-тегжелі айтылды. Ешқандай шектеу болған жоқ, - деп баяндады, фейсбуктегі парақшасында.