Май ауылының белсенді азаматтары көшелерді өздері жөндеп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Май ауылының белсенді азаматтары көшелерді өздері жөндеп алды

25.10.2019
Май ауылының белсенді азаматтары көшелерді өздері жөндеп алды

Қостанай облысындағы Май ауылының жұрты көшенің ой-шұқырын қиыршық тас төсеп, өз күштерімен бітеп алды. Бастама көтерген ауыл әкімі. Оны белсенді азаматтар қолдап, бюджеттен бір тиын сұрамай көлік жүретін жолды осылайша уақытша болса да ретке келтірді. Ешкімнен нұсқау, көмек күтпей-ақ сенбілік өткізу, түрлі іс- шаралар ұйымдастыруды тұрғындар әдетке айналдырған.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

 Ауылдың атауы жазылған кіреберісте мына тауықтың суреті жайдан-жай тұрған жоқ. Кезінде елді мекеннің негізгі тірегі - осындағы құс фабрикасы болған. Ол кәсіпорын әлі де бар. Алайда бұрынғы қуаты жоқ. Ауылдың тірлігіне қолдау көрсетуге қауқарсыз. Сондықтан тұрғындар қолдан келген шаруаны білек сыбанып өз күштерімен атқаруға дағдыланған.

Бастапқыда белсенді топ автомобильшілер күніне орай автоквест өткізуді жоспарлайды. Ал ауыл әкімі оларға іс-шараның алдында жолды тегістеп алу туралы ұсыныс айтқан. Тұрғындар ұсынысты қолдап іске кіріседі. Бірі жеке жүк көлігімен қиыршық тас әкеледі. Енді бірі қолына күрек алып төгілген таспен ой-шұқырды бітейді.

Андрей Аншютц, Май ауылының тұрғыны:

Сол күні ауа-райы қолайсыз болды. Алайда ортақ істен шет қалмайтындардың бәрі келді. Себебі көппен атқарған жұмыс қиын болса да, көңілді. Бұл басқаға емес, алдымен өзімізге керек нәрсе.

Бейімбет Майлин атындағы ауданға қарасты Май ауылының қазір 2 мыңнан аса тұрғыны бар. Орталық су желісімен табиғи газбен қамтылған. Мектеп, аурухана тәрізді әлеуметтік мекемелер де толыққанды жұмыс істеп тұр. Тек ауылға тірек болатындай бірде бір шаруашылық немесе кәсіпорын жоқ. Бұл жағдай тұрғындарды бірлік пен белсенділікке үйреткен.

Татьяна Борзунова, Май ауылының тұрғыны:

 Бұл біздің бірігіп атқарған жалғыз жұмысымыз емес. Белсенділер өте көп. Жақында өзеннің жағалауындағы қоқысты жинадық. Зират басын тазаладық. Сенбіліктер жиі өтеді. Көпшілік-мәдени іс-шараларын ұйымдастырамыз.

Алайда қанша тырысқанымен тұрғындардың шамасы жетпейтін шаруалар да бар. Мысалы, құс фабрикасының меншігіндегі мәдениет үйі күтім болмаған соң, тозып, құрып кетудің алдында тұр. Белсенді топ өкілдері: «Оны мемлекет меншігіне алып жөндеуден өткізсе»,- дейді.

Сергей Ендоренко, Май ауылының әкімі:

Бұл ғимарат өте үлкен. Қазір апатты жағдайда тұр. Оны жөндеуді былай қойғанда ұстап тұрудың өзіне қыруар қаржы кетеді. Сондықтан осы жердегі халықтың санына лайықтап жаңа нысан салған тиімді.

Бірақ әзір жаңа нысан салуға арналған нақты жоспар, жоба жоқ. Ал тек қиыршық таспен бітелген жолдың да көп ұзамай қайтадан ойылып қалары анық. Сондықтан төрт көшені асфальттауға құны 70 миллион теңге тұратын жоба жасалаған. Дегенмен ол жобаның да қашан қаржыландырылатыны беймәлім.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу