Алматы облысының жұрты мемлекеттік бағдарламамен жеке кәсібін ашып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының жұрты мемлекеттік бағдарламамен жеке кәсібін ашып жатыр

25.10.2019

«Еңбек» бағдарламасы аясында Алматы облысы Қапшағай қаласында екі жылдың ішінде 50-ден астам адам жеке кәсіп бастаған. Арасында көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Бірі шалғайдағы мекенде шаштараз ашса, енді бірі тігін цехын ашып, жергілікті халықтың сұранысын орындап отыр.

Ләззат Салықова - бірінші топтағы мүгедек. Бірақ соған қарамастан Қапшағай қаласында тігін цехын ашып, түрлі ойыншықтар мен экопакеттер тігеді. 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа қабылдап, жалақы беріп отыр. Ол былтыр «Бизнес бастау» жобасы аясында 2 млн теңге грант жеңіп алған.

Ләззат Салықова, кәсіпкер:

Ол ақшаға біз қосымша жабдықтарды сатып алдық. Әкімдік бізге арнайы жер бөлетін болды. Егер үлкен тігін цехын ашсақ, тағы 15 адамға жұмыс табылатын еді.

«Еңбек» бағдарламасының игілігін көргендердің тағы бірі - Нұрлан Нұрсейітов. 28 жастағы жігіт «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 500 мың теңге грант иеленген. Сол қаржыға шаштаразға қажетті жабдықтар алып, іске кіріскен.

Нұрлан Нұрсейітов, жас кәсіпкер:

Өзім кезінде казинода істеп, өміріме бір өзгеріс керек болды. Сонымен шаштараз мамандығын таңдадым, өзіме ұнады.

Көпбалалы ана Нұржамал Қалыбаева талай жыл мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ берген. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан кейін, үйде отырып көйлектер тіге бастаған. Ал былтыр «Бизнес бастау» курсынан өтіп, тігін ательесін ашқан. Шалғай мекендегі шағын цехты қазір аймақ жұрты түгел біледі.

Нұржамал Қалыбекова, көпбалалы ана:

Қазіргі таңда үш адам дұмыс істеп жатырмыз. Соның өзінде үлгермейміз. Көп тапсырысты кейін қайтаруға тура келеді. Жан-жақтағы ауылдардан тапсырыс өте көп келеді.

Бүгінде «Бизнес бастау» жобасы Қапшағай қаласында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мәселен, өткен жылы 97 адам оқыса, оның 35-і кәсіпкер атанған. Жобалардың жалпы құны – 111,5 миллион теңге. 

Мейірман Сауранбеков, «Атамекен» ҰКП қызметкері:

Қапшағай қаласы бойынша біз 36 жасты оқыттық.

«Кәсіпкерлік негіздерін үйрететін тегін курсқа қызығушылар көп»,- дейді мамандар. Өйткені орталық оқудан өткен азаматтарға мемлекеттік гранттан бөлек, ірі бизнес ашқысы келетіндерге 6 пайыздық жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

Аманкелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу