81 ақмолалық жалақысына қол жеткізе алмай жүр. Аймақтағы 5 кәсіпорынның жұмысшылары алдында қарызы бар. Төленбеген еңбекақысының жалпы соммасы 16 миллион теңгеден асады. Биыл Ақмола облысында жалақыны уақытылы төлемегені үшін жұмыс берушілерге 13 миллион теңге әкімшілік айыппұл салыныпты.
Аймақта еңбек заңнамасын сақтамаудың өзге де түрлері аз емес. Жыл басынан бері 375 кәсіпорын мен ұйым тексеріліп, 392 заңбұзушылық анықталыпты. Өңірде еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша кемшіліктер азаймай тұр. 44 жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 47 адам зардап шекті. 8 оқиға адам өлімімен аяқталған.
Еңбек келісімшарты жоқ жұмысшылар да кездесуде. «Ондай азаматтардың құқықтарын қорғау қиын», - дейді сала мамандары. Сондықтан құжат рәсімдеп, ай сайын зейнетақы аударымдары мен салық төлеп тұруға кеңес береді.
Берік Мұстафин, облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы:
4974 жұмысшы алдында 528 миллион теңге жалақы қарыздары анықталды. 513 миллион теңге, сол ақша төленді. Қалғаны олардың алдында қарызды жабуға мерзім қойғанбыз, белгіленді. 1 айдың ішінде жабылады.
Ермек Елберген